Түркістан облысында 105 елді мекендегі әлеуметтік-инфрақұрылымдық нысандар жөнделеді

12 Мамыр 2022, 05:53
1322
Бөлісу:
Түркістан облысында 105 елді мекендегі әлеуметтік-инфрақұрылымдық нысандар жөнделеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында 105 елді мекендегі әлеуметтік-инфрақұрылымдық нысандардың жағдайы жақсаратын болады, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

 Түркістан облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында биыл 249 жоба іске асырылып, 400 мыңнан астам халық тұратын 105 елді мекендегі әлеуметтік-инфрақұрылымдық нысандардың жағдайы жақсаратын болады. Бұл мақсатта қазынадан 16,7 млрд.теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Жобаның жүзеге асу барысы бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында баяндалды. 

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында биыл өңірде 11 фельдшерлік-акушерлік бекет және 1 дәрігерлік амбулатория, 11 мектепке қосымша ғимарат салынып, 23 мектепті күрделі жөндеуден өтеді. 7 спорт нысаны бой көтеріп, бір спорт нысаны күрделі жөндеуден өтеді. 13 мәдениет нысаны салынып, біреуінде күрделі жөндеу жүргізіледі. 9 табиғи газбен қамтамасыз ету нысандары мен 8 электр қуатымен жабдықтау нысандары ның құрылысы жүргізіледі. 168 ішкі көшелер орташа жөндеуден өтеді. 200-ден астам жаңа нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Жобаның іске асырылуы тұрақты бақылауда. 

Облыс әкімі жоспарланған барлық жобалардың уақытында іске асрылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Жұмыс барысын күшейтіп, тұрақты мониторинг жүргізуді жүктеді.

«Ауыл – ел бесігі» жобасының негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту. 

Жиында бюджетке түсімдер түсіру және бюджетті игеру барысы да талқыланды. Түркістан облысы жылдық бюджетті игеру бойынша республикада алдыңғы орында келеді. Өңір басшысы қаржыны тиімді игеріп, ел үшін маңызды жобалар мен құрылыс жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы