«Түркістан: көне мен келешек көпірі» атты өнер фестивалі басталды

13 Қаңтар 2021, 07:47
4061
Бөлісу:
«Түркістан: көне мен келешек көпірі» атты өнер фестивалі басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан қаласында «Түркістан: көне мен келешек көпірі» атты жаңа облыстық өнер фестивалінің қалалық кезеңі бастау алды. Аудан, қалалық іріктеу кезеңі жас өнерпаздардың шабытын шыңдап, үлкен сахнаға жол ашпақ. 

Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өнер фестивалінде ұстаздар мен мектеп оқушыларының бірлескен Халық аспаптар оркестрі Құрманғазының «Адай» күйін орындап, «Мирас» оқушылар вокалды тобы «Ұлт көсемі» әнін шырқады. 9-сынып оқушысы Шұғыла Әбілқасым Шопеннің шығармасын рояльда шебер орындап шықты. Қазылар алқасының мүшесі, «Жігіттер» квартетінің әншісі Айдар Тұрғанбек жалынды жастарға тілегін арнап, өнерін паш етті. Жас өнерпаздарды қолдауға келген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жастардың танылуына жол ашатын өнер додасының қатысушыларына сәттілік тіледі. 

Елдегі карантин шектеулеріне байланысты оқушылар өнерін көпшілік алдында кеңінен көрсетуге мүмкіндіктер болмауда. Дегенмен Түркістан қаласында бастама алып отырған өнер фестивалі ары қарай аудан, қалаларда жалғасын табады. Қазақ эстрадасы жұлдыздарының жартысы біздің Түркістан облысынан шыққан. Осындай киелі өңірде дүниеге келген өнер сүйер қауымды қолдауымыз керек. Бүгінгі өнер додасына қатысқан барлық жас дарындарға сәттілік тілеймін. Шығармашылықта өнерлеріңіз шыңдалып, биік белестерден көрінуге тілектеспін. Түркістан облысының мерейі үстем болсын!, – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкееев. 
Жас таланттар фестивалінде «Сымбат» би тобы «Шашу» биін билеп, түркістандық оқушылар мен Түркістан саз мектебінің ұстаздары бірлесіп саксафон, флейта, рояль, барабанда ойнап, өз өнерін көрсетті. Сондай-ақ, «Шабыт» домбырашылар ансамблінің орындауында «Нәр ағашы» күйі көрермен назарына ұсынылды. Халық аспаптар оркестрінің квартеті күй тартып, «Болашақ» вокалды тобы, балалар мен жасөспірімдер орталығының квартеті әннен шашу шашты.

2020 жылы пандемия жағдайына қарамастан, Түркістан облысында онлайн режимінде өткізілген республикалық байқаулар мен фестивальдерге аудан денгейінде 5 мыңнан астам оқушылар қатысып, облыстық байқауға 1045 оқушы іріктелді. Ереже талабының шектеуіне байланысты 133 оқушы республикалық деңгейге белсене қатысып, жүлделі 2-3-орындармен марапатталып өз шеберліктерімен таланттарын көрсетті. Алдағы уақытта да жүлделі орындар алған өнерлі және дарынды балаларды ары қарай республикалық, халықаралық деңгейге көтеру үшін барлық жағдай жасалатын болады.

Оқушыларға және өнерлі жастарға жағдай жасау мақсатында былтыр облыста қосымша 4 оқушылар үйі ашылып, жалпы саны 8-ге жетті. Соның бірегейі, республикамызда теңдесі жоқ ғимараттардың бірі – Түркістан қаласында жаңадан құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген «Оқушылар сарайы». Жалпы, өңірде 8 өнер мектебі, 13 саз мектебі жұмыс істейді. Оның ішінде «Ақ жайық» саз мектебін ерекше атап өтуге болады. Мектеп заманауи үлгідегі музыкалық аспаптармен жабдықталған.

Өзгелердің жаңалығы