Түркістан: ауыл кітапханаларына 20 мың кітап тарту етіледі

26 Қаңтар 2023, 16:41
1859
Бөлісу:
Түркістан: ауыл кітапханаларына 20 мың кітап тарту етіледі
PHOTO

Бүгін Түркістан облысында «Кітап Travel – 2023» акциясы бастау алды. Аталған іс-шараны аймақтағы мәдениет басқармасы ұйымдастырып, ашылу тұсаукесерін «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шараның ашылуына облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев, Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев пен бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты. 

Аталған акцияның мақсаты – аймақтағы кітапханалардың қызмет көрсету бағыты мен соның аясында үздік идеяларды іріктеп, анықтау. Акцияны алғаш болып облыс орталығындағы Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханасы бастады. 

Түркістан: ауыл кітапханаларына 20 мың кітап тарту етіледі

Бүгінгі «Шежірелі өлкеден – рухани Темірқазыққа» атты шарада «Көркем мінез көркем әдебиеттен» тақырыбы бойынша облыстық кітапханалар бес түрлі кітаптан инсталяциялық кітап көрмесін құрастырды. 

Өз кезегінде аудандағы кітапханалар «Тарихтан жеткен аманат» атты тақырыппен сирек кітаптардың электрондық қоры мен өңірдегі кітапхананың сандық форматын, сирек қолжазбалардың түпнұсқасын көбейту үшін, «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында алдын ала жоспарланған кестеге сай жиналып тұратын болды.   

Түркістан: ауыл кітапханаларына 20 мың кітап тарту етіледі

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың айтуынша, аталған акция арқылы кітапханадағы кітап қорын 20 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ акцияны облыс шеңберінде ғана емес, өзге аймақтарға да барып, қаламгерлерді жинап, үйлеріндегі кітаптарды кітапханаға сыйға тартуға шақырғалы отыр. 

 Біздің аймақтан шыққан атақты жазушылар мен баспагерлер өзге облыстарда қазір еңбек етіп жүр. Сол ағаларды арнайы шақырып, үйлерінде сақтаулы тұрған кітаптарды оқырманға сыйлауды, халық игілігіне арнауды ұсынғымыз келеді. Осы жылы Президент Қ.Тоқаев ауыл жұртына ерекше көңіл бөлу керектігін атап өтті.   Өздеріңізге мәлім, Түркістан облысының сексен пайызын ауыл тұрғындары құрайды. Сол себепті ауыл тұрғындарына көңіл бөлу мақсатында 20 мың кітап сыйға тарту туралы бастаманы көтергім келеді. Жобаны алда Шымкент, сосын Алматы, Астана сынды ірі мегаполистерде де жалғастыру ойымызда бар, - деді облыс әкімінің орынбасары Бейсен Дәулетұлы. 

Айта кетейік, өзі көтерген бастамаға қолдау ретінде Бейсен Тәжібаев кітапханаға 100 кітапты сыйға тарту етсе, белгілі ғалым, дінтанушы Досай Кенжетайұлы өзінің жуырда жарыққа шыққан «Ясауи антологиясы» атты 9 томнан тұратын кітабының 80 данасын сыйлады. Ал облыс әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев сирек жазба мен кітапты қорға ұсынды.  

Түркістан: ауыл кітапханаларына 20 мың кітап тарту етіледі

Жалпы, түпкі идеясы кітап оқуға бағытталған шара барысында биыл облыста кітап саласына айрықша назар аударылатыны сөз болды. Сонымен бірге облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев өткен жылдың қорытындысы бойынша  «Ең үздік аудандық кітапхана» аталымын жеңіп алған Келес ауданы мен «Ең үздік ауылдық кітапхана» аталымын жеңіп алған Түлкібас ауданы, Жабағылы ауылының кітапхана басшыларын облыс әкімі Дархан Сатыбалдының алғыс хатымен марапаттап, арнайы сыйлықтарды тапсырды. 

Түркістан: ауыл кітапханаларына 20 мың кітап тарту етіледі

Кітапсүйер оқырман қауым акцияға қатыса алады және бұл іс-шара жыл соңына дейін жалғасады. Жоспарға сәйкес 20 мың кітапты жиналған соң, оны өңірдегі 17 аудан-қалаға оқу  үшін бөліп беріледі. 

Өзгелердің жаңалығы