«Туризмді қазақша сөйлетейік» республикалық байқауының жеңіпаздары марапатталды
30 Қараша 2021, 19:19 405

«Туризмді қазақша сөйлетейік» республикалық байқауының жеңіпаздары марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Туризмді қазақша сөйлетейік» республикалық байқауының марапаттау рәсімі өтті.

Туризм саласы бойынша заманауи терминдерді таңдау, терминжасам әдіс-тәсілдері мен қағидаттарын сақтай отырып терминдердің сапасын арттыруға ұмтылу басты талап ретінде алынған бұл байқауға туризм саласының мамандары, терминтанушы мамандар, жоғары оқу орнының студенттері, ізденушілер мен тіл жанашырлары қатысты.


«Терминдер сөйлейді», «Туған өлкем – қандай көркем!», «Терминтүзер» тақырыбындағы үш кезеңнен тұратын байқаудың өз мәресіне жету рәсіміне байқаудың қазылар алқасы, байқау жеңімпаздары мен қатысушылары, тіл жанашырлары, Тіл саясаты комитетінің, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының қызметкерлері қатысты.



Байқау қорытындысы бойынша І орынды «Мемқалақұрылыскадастры» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі жетекші маманы Ошаева Камшат Шоқанқызы жеңіп алды.

ІІ орын Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Astana Invest» Туристік инфрақұрылымды дамыту департаментінің менеджері Қамысбаев Базарбек Темірұлына бұйырды.

Ал Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Тіл тарихы бөлімінің аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Көбденова Гүлжиһан Байғазықызы, Әлеуметтік лингвистика бөлімінің ғылыми қызметкері Дүйсенов Қуатбек Қонысбайұлы, «ТС ғылыми-техникалық компаниясы» ЖШС редакторы Омарова Аягүл Даниярқызы ІІІ орынды еншіледі.


Байқау барысында ой ұшқырлығы мен ізденімпаздығын танытқан Павлодар педагогикалық университетінің маманы Асылбеков Ерболат Калымжанұлына, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің 2-курс магистранты Ержігітова Гүлден Кайратқызына және осы университеттің 4-курс студенті Қыстаубаева Аяжан Мұратқызына, Нархоз университетінің «Туризм» мамандығының 3-курс студенті Ордабаева Айгерім Мұратқызына ынталандыру сыйлығы табыс етілді.

Байқау қорытындысы бойынша анықталған үздік терминдер ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясының қарауына ұсынылатын болады.


Фото: автордан
Загрузка...