Туристік полиция қызметкері науқасқа алғашқы көмек көрсетті

11 Қараша 2020, 14:05
1913
Бөлісу:
Туристік полиция қызметкері науқасқа алғашқы көмек көрсетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Арыстанбаб» кесенесінде қызмет атқаратын туристік полицейлер шетелден келген азаматтар мен зиярат етіп келуші ел тұрғындарының жол қауіпсіздігі және қоғамдық тәртібін сақтауда оң нәтижелерге қол жеткізіп келеді. 

Сонымен қатар бұл аймаққа келушілер арасында жан ауруы мен тән ауруына шипа іздеушілер қатары көп. Солардың бірі Түркістан қаласының тұрғыны Бейбіткүл Рүстемова. Ақ жаулықты ана  3-4 ай бойы денсаулығына байланысты төсек тартып жатып қалып, сәл дұрысталғаннан кейін киелі мекенге дертіне шипа іздеп ниет етіп келеді. 

Жасы 60-қа таяған түркістандық тұрғын зиярат ету кезінде денсаулығы сыр беріп, дем жетпей қысылып ауырып қалады. Осы сәтте қиналып тұрған тұрғынды көрген Отырар аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің патрульдік  полиция тобының  қызмет инспекторы полиция лейтенанты Рақымжан Ниязбекұлы тез арада қол ұшын беруге кіріседі. Яғни өзіне бекітілген қызметтік  автоэлектромашинасына  ауырып тұрған зиярат етуші әйелді мінгізіп,  алғашқы көмек көрсетіп, дер кезінде жедел-жәрдем шақырады, - деп хабарлады ТО ПД-нің баспасөз қызметі.

Полиция қызметкерінің жанашырлығына, қамқорлығына, өз қызметіне жауапкершілікпен қарайтынына риза болған  түркістандық тұрғын алғысын жаудырды. Осылайша қоғамға енген жаңа қызмет – туристік полиция, шетелдік қонақтар мен ел тұрғындарының көңілінен шығып отыр.

Бүгінде Түркістан облысында туристік полиция қызметі белсенді жұмыс атқаруда. Ел тарихы мен шет тілдерін жетік меңгерген сала қызметкерлері облыс орталығындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен Отырар ауданындағы Арыстан баб мавзолейінде туристерге қызмет көрсетіп келеді. Жаңа құрылымның негізгі міндеті – өңірге келген саяхатшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.


Өзгелердің жаңалығы