Тұрғындар мен кәсіпкерлер дауы: Алматыда бір көшедегі 7 мейрамхана қатар жабылып қалған

29 Қыркүйек 2026, 12:01
АВТОР
 ©️ ЖИ: BAQ.KZ 29 Қыркүйек 2026, 12:01
29 Қыркүйек 2026, 12:01
121
Фото: ©️ ЖИ: BAQ.KZ

Алматының Панфилов көшесіндегі тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан жеті мейрамхана тұрғындардың шағымынан кейін жұмысын тоқтатқан болатын. Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшин мейрамханалардың тағдырына қатысты жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Әкімнің айтуынша, мәселенің негізгі себебі – тұрғындар мен кәсіпкерлер арасындағы келіспеушілік.

Бұл жерде ең алдымен үй тұрғындары мен кәсіпкерлер ортақ мәмілеге келуі керек. Өйткені мейрамхана иелері де, ғимарат иесі де осы үйдің кондоминиум мүшелері болып саналады, – деді Арман Шамшин.

Оның сөзінше, тұрғындар ұзақ уақыт бойы қоғамдық тамақтану орындарына арналған бөлек кәріз жүйесін жүргізуді талап еткен. Алайда бұл мәселе шешімін таппағандықтан, тұрғындар сотқа жүгінген.

Тұрғындардың талабы ескерілуі керек

Әкім Панфилов көшесінің қаладағы ең көп адам жүретін орындардың бірі екенін айтты. Бұл жерге күн сайын алматылықтар ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінен және шетелден келген қонақтар да келеді.

Әрине, біз бұл орындардың жұмыс істегенін қалаймыз. Бірақ тұрғындардың мүддесі бәрінен бұрын ескерілуі керек. Сондықтан мәселені тек ашық диалог арқылы шешуге болады, – деді аудан әкімі.

Оның айтуынша, аудан әкімдігі тұрғындар мен кәсіпкерлер арасында келіссөз жүргізуге көмектесуге дайын.

Кәсіпкерлер қайта ашуды жоспарлап отыр

Арман Шамшиннің сөзінше, кәсіпкерлер мейрамханаларды қайта іске қосуды жоспарлап отыр. Алайда бұған дейін тұрғындар көтерген мәселелер толық шешілуі қажет.

Тұрғындар барлық инженерлік желілер заң талаптарына сай жүргізіліп, қажетті рұқсат құжаттары рәсімделуін талап етіп отыр. Сондай-ақ жұмыстардың уақыты тұрғындарға қолайсыздық туғызбауы керек, – деді ол.

Әкімнің пікірінше, тараптар ортақ келісімге келген жағдайда ғана мейрамханалардың жұмысын қайта бастау мәселесін қарастыруға болады.

Жеті мейрамхананың жабылуы ауданға да тиімсіз

Алмалы ауданының әкімі жеті мейрамхананың жабылып қалуы аудан экономикасына да әсер етіп отырғанын айтты.

Біздің аудан негізінен шағын және орта бизнеске сүйенеді. Сондықтан мұндай нысандардың жабылуы аудан үшін де тиімді емес. Дегенмен кәсіпкерлік қызмет тұрғындардың құқығы мен қауіпсіздігіне зиян келтірмеуі керек, – деді Арман Шамшин.

Оның айтуынша, кәсіпкерлер тұрғындардың талабын ескеріп, қажетті шараларды қабылдауға дайын болған жағдайда мәселені шешуге мүмкіндік бар.

Біз келіссөз алаңын ұйымдастыруға дайынбыз. Ең бастысы – екі тараптың да бір-бірін тыңдап, ортақ шешім табуға ұмтылуы, – деп түйіндеді аудан әкімі.

Наверх