Тұрғын үйлерді жаңаша басқару жүйесін қостанайлықтар қалай қабылдауда?

1 Шілде 2021, 17:20
1641
Бөлісу:
Тұрғын үйлерді жаңаша басқару жүйесін қостанайлықтар қалай қабылдауда?

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда тұрғын үйлерді басқару жүйесін реформалау жұмысы қарқын алды. Пәтер иелері кооперативтері (ПИК) таратылып, олардың орнына Мүлік иелері бірлестіктері (МИБ) немесе жай серіктестіктер (ЖС) құрылып жатыр.

«Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ деректеріне сүйенсек, бүгінге дейін Қостанай өңірінде 53 МИБ, 468 ЖС тіркелген. Ал, облыс орталығында бұл үрдіс қалай жүріп жатыр? Сұрағымызға Қостанай қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Самат Жанділдин жауап берді.

Қостанай қаласында 1159 көп пәтерлі тұрғын үй бар, оның ішінде 859 үйге 82 ПИК және басқа да меншік нысанындағы ұйымдар қызмет көрсетуде. 214 үйге ешқандай ұйым қызмет көрсетпейді. 2020 жылдың қазан айынан бастап 2021 жылдың маусым айына дейін қала бойынша 34 МИБ және 59 ЖС тіркелген. Тағы 16 ЖС тіркелуге таяу, құжат жинастырып болып қалды. Күн сайын тұрғын үй қатынастары бөлімі демалыс күндерін қоса алғанда, көп пәтерлі тұрғын үйлерде жаңа басқару нысанына көшуді түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Кейін ұйымды тіркеуге де көмек беріледі, - дейді Самат Жанділдин.

Әкімдік қызметкері айтқандай, көптеген тұрғындар бірлестік құрудан бейхабар. Сондықтан, ақпарат құралдарын тарта отырып, МИБ-ке көшудің артықшылықтарын түсіндіру жұмыстарын жандандыру міндеті қойылып отыр. Осы жылдың 1 наурызынан бері «Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімі» ММ мамандары қаланың ПИК ұйымдарымен бірлесіп, жұртшылықпен 300-ден астам кездесу өткізген.

Қостанайда алғашқылардың бірі болып бірлестік ашқан Сансызбай Көбегенұлы бізге тұрғын үй саласындағы жаңалықпен қалай танысқанын әңгімелеп берді.

Былтыр наурыз айында қоныс тойын тойладық. Юбилейный шағын ауданындағы 19-шы үйден бір пәтер бұйырды. Оған дейін қала орталығында тұрған едік. Мұнда келгенде түрлі мәселеге тап болдық. Жертөле қабатында 70-80 см деңгейде су тұрды. Тұрғын үй иелері коопертиві түк бітірген жоқ. Су соратын техника шақырттық. Сонда да кетпеді. Тұрғындар жиналып, атқарушы, құзырлы органдарға хат жаздық. Сөйтіп, жергілікті әкімдік ықпалымен жертөле қалыпқа келтірілді. Сол мәселемен жүргенде МИБ туралы естідім, - дейді зейнеткер.

Сансызбай Көбегенұлы жоғары білімді экономист. Көршілері бір ауыздан оны бірлестік төрағасы лауазымына лайық деп санады. Былтыр тамыздың 24-і күні ұйымның алғашқы хаттамасы толтырылып, 17 қыркүйектен бастап заңды түрде іске кірісті.

Қазір екі есепшотымыз бар. Біреуі – жинақ, екіншісі – ағымдағы шот. 75 пәтерміз. Жертөледен бір бөлмені шаштаразға, тағы бір бұрыштан дүкенді жалға беріп отырмыз. Солардың көмегімен бүгінге дейін қорымызға 400 мыңдай ақша жиналды. Пәтер иелері төлейтін айлық жарна – шаршы метріне 35 теңгеден ғана. Тарифті 45-50 теңгеден қойған бірлестіктер де бар. Бірақ біз өсірмедік, - деп толықтырды сөзін МИБ төрағасы.
Тұрғын үйлерді жаңаша басқару жүйесін қостанайлықтар қалай қабылдауда?

Оның айтуынша, бірлестіктің бір жақсылығы – үй жағдайы өздерінің (пәтер иелерінің) бақылауында. Бірақ, не нәрсе де басында идеал болмасы анық. Олар бетпе-бет келіп отырған нақты екі мәселе бар: жаңа үйдің техникалық паспорты, жер актісі әлі күнге қолға берілмеген және үйді жақсы күтіммен ұстауға қаржы жеткіліксіз.

Сондықтан, үкімет тарапынан біз секілді бірлестіктерге субсидия сияқты көмек қарастырса дейміз. Бетін аулақ қылсын, апат, қолайсыз жайт болса, біздің шамамыз жетпей қалады. Өйткені, ай сайын жиналатын ақша жұмысшылардың жалақасы мен электр энергиясына, басқа да қызметтерге төлеуден артылмайды. Тіпті, шығын асып кетіп жатыр. Біз коммерциялық ұйым емеспіз. Мемлекет қолдауы керек, - дейді Сансызбай Көбегенұлы.

Баймағамбетов көшесіндегі 3-үйде құрылған бірлестікті жаңа басқару жүйесінің үлгісі ретінде көрсетуге болады.

2017 жылы коопертивтен шығып кеттік, өйткені тұрғындар жиналған мақсатты қаражаттың шығындары туралы нақты түсінік болмаған соң, ақшаны босқа төлеуден шаршады. Ол кезде мен үйдің басқармасы едім, тұрғындар мені кондоминиумды күтіп ұстауға кететін барлық шығындардың менеджері етіп тағайындауға шешім қабылдады. Қазір 1 шаршы метріне төлем құны 42 теңге. Үйде екі кіреберіс, 60 пәтер бар, барлық тұрғындар өте риза. Үйдің жертөлесінен кеңсе жасап алдық, тұрғындар оны жиһазбен жабдықтауға көмектесті. Мұнда жиналыстар, түрлі кештер өткіземіз. Барлығы таза және ұқыпты, – дейді үйдің бірлестік басшысы Лилия Цхай.



Өзгелердің жаңалығы