Тұрғымбаев Тоқаевқа елдегі қазіргі криминогендік ахуалды баяндап берді

3 Тамыз 2021, 17:53
4206
Бөлісу:
Тұрғымбаев Тоқаевқа елдегі қазіргі криминогендік ахуалды баяндап берді
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевты қабылдады.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Президентке елдегі қазіргі криминогендік ахуал мен ішкі істер органдары жұмысының нәтижелері туралы баяндалды.

Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, ведомство қылмыстың көптеген түрлерін ашу көрсеткіштерін жақсартқан. Кісі өлтіру, тонау, бұзақылық, ұрлық, сондай-ақ, кәмелеттік жасқа толмағандар жасаған құқық бұзушылықтар саны азайған. Қоғамдық орындар мен көшедегі қауіпсіздік деңгейі жоғарылаған. Алайда, интернет желісін пайдалану арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстар саны артқан. Бұған пандемия кезіндегі онлайн-қызметтердің өсуі ықпал етті.

Тұрғымбаев Тоқаевқа елдегі қазіргі криминогендік ахуалды баяндап берді

Мемлекет басшысына вакцина алғандығы жөнінде жалған құжаттар таратудың жолын кесу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтылды. Жыл басынан бері полиция органдары 50-і жалған вакцинация паспорттарын және 60-ы жалған ПТР-анықтамаларын жасағаны үшін 110 қылмыстық іс қозғаған.

Министр ІІМ бөлімшелеріндегі жеке құрам қызметкерлерінің 96 пайызы екпе алғанын жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев министрлікке басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, карантиндік шараларды қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуді, сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстардың, тұрмыс саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.


Өзгелердің жаңалығы