Артық салмақ деп ойлаған: Алматыда дәрігерлер әйелдің ішінен үш келілік ісікті алды

Әйел бір жарым жыл бойы ішінің үлкеюін артық салмақпен байланыстырған.

 pixabay.com 14 Қазан 2026, 11:43
14 Қазан 2026, 11:43
192
Фото: pixabay.com

Алматылық әйел бір жарым жыл бойы ішінің үлкеюі мен ауырлық сезімін артық салмақпен байланыстырған. Алайда кейін оның іш қуысында көлемі жүктіліктің соңғы кезеңіндегі ішпен шамалас ісік бары анықталды. Ісіктің ішінде шамамен жеті литр сұйықтық жиналған. Ауырсыну пайда болғаннан кейін әйел дәрігерге жүгінген.

Науқасқа ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ), компьютерлік томография (КТ) және магниттік-резонанстық томография (МРТ) жасалды. Тексеру нәтижесінде іштің үлкеюіне артық салмақ емес, көлемді ісік себеп болғаны анықталды.

Алматы қаласындағы Қалалық репродукция орталығының хирургтері күрделі операция жасап, іш қуысының басым бөлігін алып жатқан ісікті алып тастады.

Бұрын жасалған операциялардан қалған жабысқақ тіндер мен жағдайдың асқынып кетуіне байланысты хирургиялық араласу кезінде қауіп жоғары болған. Соған қарамастан, дәрігерлер науқастың репродуктивті мүшелерін сақтап қалды.

Операция сәтті аяқталды. Хирургтер салмағы шамамен үш келі болатын ісікті алып, жеті литрге жуық сұйықтықты сорып шығарды. Алынған тіндер гистологиялық зерттеуге жіберілді.

Дәрігерлердің мәліметінше, қазір науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Ол стационарда ем қабылдап жатыр және ауруханадан шығуға дайындалуда.

Мамандар іштің кенеттен үлкеюі, ентігу, ауырсыну және ауырлық сезімі әрдайым салмақ қосумен байланысты бола бермейтінін ескертеді. Мұндай белгілер пайда болса, олардың нақты себебін анықтау үшін мүмкіндігінше тезірек медициналық тексеруден өту қажет.

Наверх