Түнде жұмыс істейсіз бе? Ғалымдар денсаулыққа қатысты жаңа қауіп анықтады

Түнгі ауысымда жұмыс істейсіз бе? Ғалымдар денсаулыққа әсер ететін күтпеген байланысты анықтады. Ұйқы режимі де маңызды фактор болуы мүмкін.

 pexels.com 10 Тамыз 2026, 17:56
10 Тамыз 2026, 17:56
159
Фото: pexels.com

Түнгі ауысымда жұмыс істейтін адамдарға қатысты ғалымдар жаңа зерттеу жариялады. Зерттеу нәтижесі бойынша, түнде жұмыс істейтіндерде ұзаққа созылатын COVID-19 белгілерінің пайда болу қаупі күндіз жұмыс істейтіндерге қарағанда жоғары болуы мүмкін. Бұл туралы Environment and Health журналында жазылған. 

Зерттеушілер 2021-2023 жылдар аралығында 2941 адамның денсаулығына қатысты мәліметтерді зерттеген. Олардың 1899-ы коронавирус жұқтырған. Ал 284 адамның аурудан кейінгі белгілері үш айдан астам уақыт сақталған.

Зерттеу барысында түнгі ауысымда жұмыс істейтін адамдарда ұзақ COVID қаупі күндіз жұмыс істейтіндерге қарағанда 88 пайызға жоғары болған. Бұл байланыс артық салмағы бар адамдар арасында көбірек байқалған.

Ұйқысыздық қаупі одан әрі арттыруы мүмкін

Ғалымдар созылмалы ұйқысыздықтың да әсері бар екенін анықтаған. Ұйқысы жиі бұзылатын адамдарда ұзақ COVID қаупі 42 пайызға жоғары болған.

Ал түнгі ауысымда жұмыс істеп, ұйқысыздықтан зардап шегетін адамдарда ұзақ COVID белгілері күндіз жұмыс істейтін әрі ұйқысы қалыпты адамдарға қарағанда 2,7 есе жиі кездескен.

Зерттеушілер мұны ұйқы режимінің бұзылуымен байланыстырады. Түнде жұмыс істеу адамның табиғи биологиялық ырғағына әсер етуі мүмкін. Ал ұйқының дұрыс болмауы иммундық жүйенің жұмысына кері әсер етіп, ағзаның аурудан толық қалпына келуін қиындатуы ықтимал. Ғалымдардың айтуынша, ұйқы режимін сақтау ұзақ COVID қаупін азайтуға көмектесуі мүмкін. Бұл әсіресе түнгі ауысымда жұмыс істейтін адамдар үшін маңызды.

Аружан Базарбай

Наверх