Түнде шулаған көліктерді енді камера анықтауы мүмкін: ІІМ пилоттық жобаны қолдады

Түн ортасында көше кезіп, моторын гүрілдетіп, тұрғындардың мазасын алатын жүргізушілерге қатысты жаңа бақылау жүйесі енгізілуі мүмкін. Оның ерекшелігі неде?

12 Қараша 2026, 19:08
АВТОР
 its-uk.org 12 Қараша 2026, 19:08
12 Қараша 2026, 19:08
97
Фото: its-uk.org

Жолдарда түн ортасында шу шығарып, заңсыз жарыс ұйымдастыратын жүргізушілерді автоматты түрде анықтау ұсынылды. Ішкі істер министрлігі шу деңгейін өлшейтін акустикалық камераларды фото және бейнетіркеу жүйесіне біріктіру жөніндегі пилоттық жобаны қолдады.

23 қыркүйекте Құрылтай депутаты Кендібай Адамбектің депутаттық сауал жолдауына азаматтардың шағымдары себеп болған. Оның айтуынша, қалалардың орталық көшелерінде мотоцикл мен тюнинг жасалған көлік жүргізушілері рұқсатсыз жарыс ұйымдастырып, пиротехникалық заттарды пайдаланады және тұрғын үйлердің маңында әдейі қатты шу шығарады.

Мұндай құқық бұзушылықтар сирек тіркеледі. Көбіне полиция қызметкерлері тұрғындардың шағымынан кейін ғана шара қолданады. Ал түнгі тыныштықты бұзғаны үшін 5 АЕК немесе 21 625 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.

Бұл мәселе жол қозғалысы ережелерін бұзудан әлдеқашан асып, қоғамдық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Бұған қоса, ол азаматтардың демалуына және түнгі тыныштығына кері әсерін тигізіп отыр. Алайда көп жағдайда құқық бұзушылар жазасыз қалып жатады, – деді Кендібай Адамбек.

Осыған байланысты депутат акустикалық құрылғылар мен шу өлшегіш құралдарды фото және бейнетіркеу жүйелерімен біріктіріп, пилоттық режимде іске қосуды ұсынды.

Сонымен қатар ол патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлардан бірлескен экипаждар құруды, заңсыз техникалық өзгерістер толық жойылғанға дейін құқық бұзушылардың көліктерін арнайы тұраққа қоюды ұсынды. Сондай-ақ түнгі тыныштықты бұзғаны үшін жазаны қайта қарау және мұндай әрекеттерді ұсақ бұзақылық ретінде саралау тәртібін әзірлеу қажеттігін атап өтті.

ІІМ депутаттың негізгі ұсынысын қолдады.

Министрлік шу деңгейінің рұқсат етілген шектен асуын автоматты түрде анықтау үшін заманауи акустикалық камералар мен шу өлшейтін құрылғыларды фото және бейнетіркеу жүйелеріне біріктіру жөніндегі пилоттық жобаны іске қосуды қолдайды, – делінген Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің ресми жауабында.

Қазір министрлік АҚШ, Германия және Францияның тәжірибесін зерделеп жатыр. Сонымен қатар мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті жаңарту аясында түнгі тыныштықты бұзғаны үшін жауапкершіліктің мөлшерін белгілеу, заңсыз техникалық өзгерістер жойылғанға дейін көліктерді арнайы тұрақта ұстау тәртібі және жолдардағы мұндай әрекеттерді құқықтық тұрғыдан саралау мәселелері пысықталуда.

ІІМ мәліметінше, жыл басынан бері полиция қызметкерлері түнгі тыныштықты бұзудың 22,2 мың дерегін және тура ағынды (прямоток) әрі қатты дыбыс шығаратын газ шығару жүйелері орнатылған, заңсыз қайта жабдықталған көліктерді басқарудың 24 мың жағдайын анықтаған.

Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірінде «Түнгі қала» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.

Құрылтайдың баспасөз қызметі хабарлағандай, депутат пилоттық жобаның іске қосылуы мен заңнамаға енгізілетін өзгерістерді бақылауына алған.

Наверх