Тұмау маусымы: Балалар неге жиі ауырады және Астана ауруханалары дайын ба?

2 Қазан 2026, 15:11
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/ Артём Чурсинов 2 Қазан 2026, 15:11
2 Қазан 2026, 15:11
144
Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Артём Чурсинов

Астанада тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекциялар бойынша жағдай апта сайын бақыланады. Мамандар аурушаңдық көрсеткіштерін салыстырып, айналымдағы вирустарды зертханалық зерттеулер арқылы анықтайды. Елорда ауруханаларының маусымға дайындығы да бақылауда. Бұл туралы Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пралиева  айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Эпидемиологиялық жағдай қалай бақыланады?

Департамент өкілінің айтуынша, күз мезгілінде респираторлық вирустық инфекциялар жиі кездеседі. Сондықтан осы кезеңде сақтық шараларына мән беріп, ауру белгілерін елеусіз қалдырмау қажет.

Елордада тұмау мен тұмауға ұқсас инфекцияларға тұрақты мониторинг жүргізіледі. Мамандар әр аптаның көрсеткішін алдыңғы аптамен және өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырады. Бұл аурушаңдықтың өзгерісін бағалап, қажетті шараларды жоспарлауға мүмкіндік береді.

Бақылау тек тіркелген жағдайларды есептеумен шектелмейді. Емханаға жүгінген науқастар мен ауруханаға ауыр жағдайда түскен пациенттер арасында зертханалық зерттеулер де жүргізіледі. Осы арқылы қандай вирустардың айналымда жүргені анықталады.

«Шошқа тұмауы» жаңа вирус па?

Сұқбат барысында маман халық арасында «шошқа тұмауы» деп аталатын А(H1N1) вирусына тоқталды. Оның айтуынша, бұл – бұрыннан кездесетін тұмау түрі. Сондықтан оны жаңадан пайда болған вирус деп қабылдауға негіз жоқ.

Департамент өкілі тұмаудың А және В типтері жыл сайын тіркелетінін айтты. Ал нақты қандай вирус таралып жатқанын зертханалық тексеру нәтижелері көрсетеді. Мұндай зерттеулер эпидемиологиялық жағдайға қарай тиісті шараларды дер кезінде қабылдау үшін жүргізіледі.

Балалар неге жиі ауырады?

Маман балалар арасында аурушаңдықтың жоғары болуы жыл сайын байқалатынын жеткізді. Оның түсіндіруінше, балалардың ұжымда бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болуы инфекцияның таралуына жағдай жасайды.

Мысалы, балабақшаның бір тобында 25-30 бала болуы мүмкін. Мектеп пен қосымша сабақтарда да балалар өзара араласады. Бұған сауда және ойын-сауық орталықтары сияқты адам көп жиналатын орындарға баруы қосылады.

Осыған байланысты департамент өкілі балада аурудың алғашқы белгілері байқалған кезде оны балабақшаға немесе мектепке жібермей, үйде қалдырып, дәрігерге көрсету керегін ескертті.

Қай кезде ауруханаға жатқызу қажет?

Баланы үйде емдеу жеткілікті ме, әлде ауруханаға жатқызу керек пе деген сұраққа бәріне ортақ жауап беру мүмкін емес. Маманның айтуынша, мұндай шешім баланың жағдайына қарай қабылданады.

Дәрігер баланы қарап, аурудың қалай өтіп жатқанын бағалайды. Қосымша зертханалық тексерулердің немесе ауруханаға жатқызудың қажеттігін де сол анықтайды.

Сондықтан ата-аналар баланың жағдайын өз бетінше бағалап, емдеу орнын таңдауға асықпағаны жөн. Әр жағдай жеке қарастырылуы керек екенін атап өтті департамент өкілі.

Астана ауруханалары тұмау маусымына қаншалықты дайын?

Елордада эпидемиологиялық маусым алдындағы дайындық Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп жүргізіледі. Жыл сайынғы жоспар аясында ауруханалардың төсек-орындары, жабдықталуы және кадрмен қамтамасыз етілуі қарастырылады.

Департамент өкілінің мәліметінше, қазіргі таңда балалар мен ересектерге арналған ауруханаларда төсек-орындар дайын.

Сонымен қатар ауруханаға түскен науқастар саны апта сайын бақыланады. Мамандар қанша бала мен ересек адамның стационарлық емге мұқтаж болғанын талдап, Денсаулық сақтау басқармасымен бірге жағдайды қадағалап отырады.

Маман маусым кезінде сақтық шараларын ұстанып, әсіресе балаларда ауру белгілері байқалса, медициналық көмекке уақытылы жүгінудің маңызын атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда тұмауға қарсы тегін екпені ала алатындардың тізімі жарияланды.

Тағы оқи отырыңыз:

Наверх