Қазақстанда тұмауға қарсы екпе науқаны басталды: Кімдер тегін вакцина алады?

Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинация басталды: 2,1 млн доза сатып алынды

 ДСМ 2 Қазан 2026, 13:39
2 Қазан 2026, 13:39
180
Фото: ДСМ

Қазақстанда маусымдық тұмауға қарсы вакцинациялау науқаны басталды. Биыл халықты тегін иммундау үшін 2,1 млн доза вакцина сатып алынған. Оның алғашқы 564 мың дозасы елге жеткізіліп, өңірлерге кезең-кезеңімен жөнелтіле бастады.

Вакцинация жұмыстары вакцина жеткізілген медициналық ұйымдарда басталды.

Вакцина қай өңірлерге жеткізілді?

Қазіргі таңда тұмауға қарсы вакцина Алматы, Түркістан және Жетісу облыстарына, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларына жеткізілген.

Қалған өңірлерге вакцинаны жеткізу жұмыстары 5 қазанға дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

Медициналық ұйымдарға вакцина жеткізілген кейін тұрғындарға екпе салу жұмыстары басталады.

Кімдер тегін вакцина алады?

Бірінші кезекте тұмауға және оның асқынуларына осал азаматтарға тегін вакцинация жүргізіледі.

Олардың қатарында:

  • медицина қызметкерлері;

  • диспансерлік есепте тұрған балалар;

  • жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

  • медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын азаматтар мен олардың қызметкерлері;

  • эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша инфекция жұқтыру қаупі жоғары адамдар бар.

Өңірлерге вакцинациялау науқанын белгіленген мерзімде бастап, нысаналы топтарға вакцинаның қолжетімді болуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Неліктен вакцинаны қазан айында алған маңызды?

Мамандардың айтуынша, қазан айы – тұмаумен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі басталғанға дейін вакцинация жүргізуге қолайлы кезең.

Вакцина алғаннан кейін организмге иммундық қорғаныс қалыптастыру үшін белгілі бір уақыт қажет. Сондықтан вакцинацияны эпидемиологиялық маусым басталғанға дейін жүргізу маңызды.

Вакцинация тұмаумен ауыру қаупін төмендетуге, ең алдымен, аурудың ауыр өтуі мен түрлі асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Қандай вакцина қолданылады?

Биылғы науқан аясында ресейлік өндірістің «Гриппол®» вакцинасы сатып алынды.

Оның штамдық құрамы алдағы эпидемиялық маусымға арналған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес келеді.

Нысаналы топтарға жататын азаматтарға вакцинация мәселесі бойынша тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға жүгіну ұсынылады.

Медициналық ұйымдарда вакцинациялау тәртібі, қолжетімді вакцина және иммундау мерзімі туралы қажетті ақпарат беріледі.

Еске салайық, маусымдық тұмау кезеңі басталғанға дейін вакцина алып, иммундық қорғанысты алдын ала қалыптастыру маңызды.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда тұмауға қарсы тегін екпені ала алатындардың тізімі жарияланды.

Тағы оқи отырыңыз:

Жүктілік кезінде екпе алу қауіпті ме? – ДСМ жауап берді

Қызылша және жаңа оқу жылы: Екпе алмаған балалар не істейді?

Наверх