Қазан айында елімізде ауа райы қандай болады?

 ©BAQ.KZ/жасанды интеллект 1 Қазан 2026, 11:06
1 Қазан 2026, 11:06
250
Фото: ©BAQ.KZ/жасанды интеллект

Синоптиктер қазан айында елімізде ауа райы жылы әрі жауын-шашын мөлшері орташа болатынын болжады. Айлық орташа ауа температурасы еліміздің басым бөлігінде климаттық нормадан 1-2°С жоғары болады деп күтіледі.

Қазан айының басында ауа райы салыстырмалы түрде жылы болады. Ел аумағында ауа температурасы +15…+25°С шамасында күтіледі. Кейін солтүстік циклонның ықпалымен республиканың барлық өңірінде жаңбыр және қар аралас жауын-шашын болады. Жел күшейіп, екпіні 15–28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Елдің солтүстік жартысында бұрқасын болуы ықтимал.

Арктикалық ауа массаларының енуіне байланысты тұман, көктайғақ және үсік жүруі мүмкін. Ауа температурасы айтарлықтай төмендейді, алайда суыту ұзаққа созылмайды.

  • Батыс және солтүстік-батыс өңірлерде түнде ауа температурасы −6…+5°С-қа дейін төмендеп, күндіз +2…+11°С болады.

  • Солтүстікте, шығыста және орталықта түнде −1…−6°С, күндіз 0…+8°С аралығында болады.

  • Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде түнде 0…+5°С, күндіз +10…+15°С болады. Таулы аймақтарда түнде −2…−10°С, күндіз +5…+10°С күтіледі.

Бірінші онкүндіктің екінші жартысында күн жылынады

Қазан айының бірінші онкүндігінің екінші жартысында Орталық Азия мен Жерорта теңізінің шығыс жағалауынан жылы ауа массалары келеді.

Қазақстанның басым бөлігінде күндізгі ауа температурасы +15…+20°С-қа дейін көтеріледі. Оңтүстік-батыста және елдің оңтүстік жартысында ауа +18…+28°С-қа дейін жылынады.

Қазанның екінші және үшінші онкүндігінде ауа райы қандай болады?

Қазанның екінші және үшінші онкүндіктерінде температуралық фон құбылып тұрады.

Батыс және солтүстік-батыс өңірлерде түнгі температура +5…+12°С-тан −5…+5°С-қа дейін, ал күндіз +18…+28°С-тан +10…+20°С-қа дейін өзгереді.

Солтүстікте, орталықта және шығыста түнде +3…+8°С-тан −1…−8°С-қа дейін, күндіз +15…+23°С-тан +3…+13°С-қа дейін төмендеуі мүмкін.

Қазақстанның оңтүстік жартысында түнгі температура +5…+10°С-тан −3…+5°С-қа дейін құбылады. Күндіз ауа температурасы +15…+23°С-тан +20…+30°С-қа дейін көтерілуі мүмкін. Кей кезеңдерде түнде −1…−6°С, күндіз +10…+15°С болады деп күтіледі.

Қазақстанда қазан айы қандай болады?

Жалпы, қазан айындағы орташа ауа температурасы Қазақстан аумағының басым бөлігінде климаттық нормадан 1–2°С жоғары болады.

Шығыс Қазақстан облысында, Павлодар облысының солтүстік-шығыс жартысында және Абай облысында ауа температурасы климаттық нормаға жақын болады деп күтіледі.

Қазан айындағы жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде климаттық норма шамасында болады.

Айта кетейік, «Қазгидромет» РМК бүгінге, 1 қазанға Қазақстанның 12 облысында дауылды ескерту жариялады. Бірқатар өңірде жаңбыр, найзағай, тұман және қатты жел күтіледі. Сонымен қатар бірнеше облыста өрт қаупі жоғары және төтенше деңгейде сақталады.

Наверх