Туберкулез егде жастағы адамдардан да анықтала бастады – маман

13 Мамыр 2022, 16:05
1797
Бөлісу:
Туберкулез егде жастағы адамдардан да анықтала бастады – маман
PHOTO
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының мониторинг, бағалау, эпидемиология, статистика, ақпараттандыру департаментінің жетекшісі Панагүл Жазықбаева туберкулезді жұқтыру жасы артқанын, әсіресе егде адамдар көптеп ауыра бастағанын айтты.

Жазықбаеваның айтуынша, туберкулез жаңа туған балада да, қарттарда кездеседі. Алайда бұрыннан келе жатқан ең жиі шалдығатын жас мөлшері – 18-45 жастың арасы. Дегенмен, халықтың өмір сүру жасы ұзарғандықтан туберкулез ересек адамдарда да анықтала бастаған.

Үлкен, яғни 70-90 жастағы адамдар арасында да туберкулез жұқтыру жағдайлары тіркеліп жатыр. бұрын ондай жастағы адамдарда өте сирек кездесетін. Туберкулез ауа арқылы берілетін инфекция болғандықтан жасты таңдамайды,- деді ол.

Елімізде туберкеулезді ерте кезеңде анықтау үшін көп жерде флюрографиядан өту міндеттелген. Яғни, дәрігерге қаралғанда, жұмысқа тұрарда міндетті түрде флюрография нәтижесі сұралады. Мамандардың айтуынша, жылына 8 млн-нан астам адам флюрографиядан өтеді екен.

Туберкулез егде жастағы адамдардан да анықтала бастады – маман

Елімізде флюрографиядан бөлек, туберкулездің скринінгін өткізетін әлемдегі ең озық аппараттар бар. Мәселен, генетикалық сынама жасайтын GN-эксперт аппаратының 148 данасы бар. Ол еліміздің әр ауданында жұмыс істеп тұр. Жаһандық қормен тағы 20 аппарат алып отырмыз. Әр адам жөтелі 2-3 аптаға созылып, әлсіздік болса жергілікті емханаға жүгінуі керек. Сол жерден оның қақырығынан сынама алып зертханада тексереді, оның нәтижесі екі сағатта шығады,- дейді профессор, Туберкулезді тоқтату жөніндегі жаһандық жобаның менеджері Исмаилов Шахимұрат.

Профессордың айтуынша, мұндай тест елімізде тегін жасалады, ал көрші Ресейде ондай тесттің құны 45 доллар шамасында екен. Бұл тест арқылы туберкулез ерте анықталады, ерте анықталса оның жұқтыру көрсеткіші төмендейді, яғни туберкулезбен ауыратындар саны да аз болады.

Мамандар сондай-ақ туберкулезге қарсы екпе алмаған балалар арасында ауруға шалдығу жоғары екенін жеткізді.

Туберкулез егде жастағы адамдардан да анықтала бастады – маман

Туберкулездің алдын алудың бір түрі БЦЖ екпесін салу. Француз ғалымдары ойлап тапқан бұл екпе өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Екпе жаңа туған нәрестеге салынады, балалар 100 пайыз ауырмайды деп айта алмаймыз, бірақ ауырған шағдайда олардың өміріне қауіп төнбейді, жеңіл түрімен ауруы мүмкін. Қазір көптеген ата-ана діни көзқарасы бойынша баласына бұл екпені салдырмай жатыр. Тәжірибе көрсеткендей туберкулездің ауыр түрімен, яғнин минингит, өкпесі зақымданған балалар екпе алмағандар. Сондықтан ата-ана бұған түсіністікпен қарап, баласын қорғағаны жөн,-дейді Панагүл Жазықбаева.

2021 жылы еліміз бойынша 540 бала туберкулезбен тіркелген, олар 0-17 жас аралығында екен. Бір балада туберкулезден бөлек жанама ауруы болып, көз жұмыпты. 
 

Өзгелердің жаңалығы