Түбегейлі реттейтін уақыт келді. Сенатор жүйені өзгерту туралы батыл ұсыныстар айтты

5 Қараша 2020, 12:31
6000
Бөлісу:
Түбегейлі реттейтін уақыт келді. Сенатор жүйені өзгерту туралы батыл ұсыныстар айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР премьер-министрі Асқар Маминге депутаттық сауал жолдаған Ақылбек Күрішбаев жоғары оқу орындарындағы білім беру жүйесін реттеу керектігін айтты.
 

Біздің басты кемшілігіміздің бірі – кадрларды даярлау жүйесін заман талабына сай қалыптастыра алмағанымыз. Бұл мәселе қазір экономикамызды дамытудың елеулі тежегіші болып отыр.Осы жағдайды түсініп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бюджет тапшылығына қарамастан, ағымдағы оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарындағы мемлекеттік білім беру гранттарының құнын бірнеше есе көбейтті. Бірақ университеттердің бүгінгі ахуалына қарап, «білімге салынған бұл инвестициялар толыққанды ақталады деп сеніммен айта алмаймыз, - дейді Ақылбек Күрішбаев. 

Ол жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік берілгенімен, толыққанды автономдық басқаруға әлі ие болмағанын айтты. Өйткені тек ұйымдастырушылық-құқықтық құрылымда өзгерістер жасалып, ал университеттердің ғылыми әлеуеті, білім беру бағдарламалары, инфрақұрылымы және басқару жүйесі сол күйі қалып отыр.

Біздің университеттер студенттерге іргелі ғылымдар бойынша тиісті деңгейде заманауи білім бере алмай отыр. Сонымен қатар, бізде алынған теориялық білімді практика жүзінде бекіту үшін, тәжірибелік базалар жоқтың қасы. Шетелдік жетекші университет түлектерінің бізден ерекшілігі: олар нақты өндіріс жағдайында инновациялық шешімдерді өз бетінше таба алады және көпшілігі оқуын аяқтағаннан кейін жұмыс іздемейді, керісінше, өздері жаңа жұмыс орындарын аша алады, - дейді депутат. 

Ол шетелдік тәжірибелерді ескере отырып, мынандай ұсынысын айтты:

Біріншіден, Назарбаев университетінің үлгісі бойынша отандық жоғары оқу орындарын толыққанды автономды басқаруға көшіру жөніндегі басталған реформалардың аяқталуын тезірек қамтамасыз ету керек.
Екіншіден, университеттерді зерттеу бағытындағы жоғары оқу орындарына айналдыру үшін мемлекеттік қолдаудың жүйелі шаралары қажет. Бұл ретте АҚШ, Германия, Қытай, Ресей және тағыда басқа мемлекеттердің үлгісінде отандық университеттердің ғылыми - техникалық әлеуетін дамытудың арнайы бағдарламасын қабылдау өте маңызды.

Үшіншіден, үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес, университеттер заманауи басқару жүйесіне ауысуы керек. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарындағы Ғылыми кеңестің алқалы басқару органы ретіндегі өкілеттігін заңнамалық тұрғыдан нақтылау қажет. Ректор тек ашық конкурс негізінде тағайындалуы тиіс. Сонымен қатар, біздің ректорларымыз шетелдік жетекші университеттердегідей белгілі бір мерзімге ғана сайланып, ауысып тұруы керек. Бұл жоғары оқу орнының серпінді дамуын қамтамасыз етеді және жас кадрлардың бәсекелестігіне жол ашады.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сәйкес 2019 жылы мамандарды дайындау бағыттары бойынша мемлекеттік білім беру грантында оқыған университет түлектерінің тек 40 - 74%-ы ғана жұмысқа орналасқан екен. 

Оның өзінде олар өз мамандықтарына сәйкес жұмысқа орналасты ма жоқ па, белгісіз. Егер жағдай өзгермесе біз жылда бюджет қаражатының кем дегенде 10 млрд теңгесін тиімсіз жұмсап отырамыз. Бұл дәйектер еліміздің жоғары білім саласындағы елеулі кемшіліктердің бетін ашып отыр. Бұл мәселе тек жеке меншік университеттерді жабумен шешілмейді. Жалпы еліміздің университеттік жүйесін түбегейлі реттейтін уақыт келді, - дейді сенатор.

Өзгелердің жаңалығы