Цифрлық салада Орталық Азияның көшбасшы болуға ұмытыламыз - Мусин

6 Қазан 2023, 09:15
987
Бөлісу:
Цифрлық салада Орталық Азияның көшбасшы болуға ұмытыламыз - Мусин
Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

ІТ қызметтер экспорты жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президент Жолдауы министрліктің алдағы жұмысына зор қолдау әрі елдің цифрлық даму мен инновациялар саласындағы стратегиясының негізгі элементі болмақ. Өйткені еліміз цифрландыру саласында Орталық Азияның көшбасшысы ретінде тұрақты дамуға ұмтылады. Ал цифрлық технологиялар экономика мен халықтың әл-ауқатын көтеруде маңызды рөл атқарады, - деді ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша IT қызметтердің экспорты 334 млн долларға жетті. Осы жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 115 млн долларға тең болды. Сарапшылардың болжамы бойынша жыл соңына дейін 500 млн долларға жетуі керек.

Бұл өсім – IT секторды дамытудың табысты стратегиясының және мемлекет тарапынан жан-жақты қолдаудың анық дәлелі. Сондай-ақ мұндай өсім отандық IT индустрияның әлеуеті зор екенін айғақтайды. Бүгінгі таңда біздің министрлік «GovTech» бағыты бойынша ірі технологиялық компаниялармен ынтымақтасып отыр. Бұл қадам Қазақстанға электронды үкімет саласында өз брендін құруға және басқа елдерге тәжірибе ретінде ұсынуға мүмкіндік береді. Осы жылдың 26 та­мызында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тәжікстандық тараппен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат аясында біздің тарап Тәжікстанның өнеркәсіп және жаңа технологиялар министрлігімен электронды үкімет платформасын іске асыру тәжірибесімен бөліседі, - деді Бағдат Мусин.

Министр елімізде жасанды интеллект саласындағы өнімдер мен шешімдерді әзірлеуге маманданған стартаптар үшін инкубаторлар мен акселератор­лар құрылғанын атап өтті.

Бұл бастамалар жас кәсіпкерлер мен зерттеушілерге өз жобаларын дамытуға көмектеседі. Сондай-ақ бүгінде ел Үкіметі жасанды интеллекті дамыту жөнінде шаралар қабылдап жатыр. Осының бәрі жасанды интеллектпен байланысты жобалар үшін қаржылық қолдау мен инфрақұрылымды жақсартады. Жасанды интеллектің дамуында коммерциялық ұйымдар да маңыз­ды рөл атқарады. Еліміздегі коммерциялық ұйымдар өзде­рі­нің бизнес үдерістеріне жасанды интеллекті енгізу үстінде. Бұл тұтынушыларға қызмет көрсетуді жақсарту, өндірістік үдерістерді оңтайландыру және басқа да көптеген сала үшін жасанды интеллекті пайдалануды қамтиды. Кейінгі жылдары елімізде кәсіпкерлердің инновациялық шешімдерді дамыту үшін күш біріктіруінің нәтижесінде табысты IT жобалар пайда болды. Айталық, «Az Tech Ventures» және «Qazangels: az Tech Ventures» компанияларын мысалға алуға болады. Бұлар ақпараттық технологиялар мен инновациялар саласындағы стартаптарды қолдайтын әрі қаржыландыратын еліміздегі венчурлық компаниялар. Олар инвесторлармен және кәсіпкерлермен әлеуетті жобаларды табу әрі оларды қар­жыландыруды қамтамасыз ету үшін тізе қосады, - деді Цифрлық даму министрі. 

Өзгелердің жаңалығы