Цифрландыру креативті индустрия үшін жаңа мүмкіндіктер ашады

24 Мамыр 2024, 11:50
259
Бөлісу:
Цифрландыру креативті индустрия үшін жаңа мүмкіндіктер ашады
PHOTO
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Mind ғылыми-талдау орталығы алаңында креативті индустрия үшін цифрлық инфрақұрылымды әзірлеуге арналған кездесу өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған кеңеске авторлық құқық пен зияткерлік меншік саласындағы жетекші сарапшылар, креативті сектор өкілдері және уәкілетті министрліктердің өкілдері қатысты.

Кездесу барысында Қазақстанда креативті индустрияның дамуын қолдауға және ынталандыруға мүмкіндік беретін заманауи және тиімді цифрлық экожүйені құру мәселелері талқыланды. Қатысушылар одан бөлек цифрлық ортадағы авторлық құқықты қорғау, креативті контентты монетизациялау механизмдері, транзакциялардың ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету және авторлық құқықты қорғау үшін блокчейн технологияларын пайдалану мүмкіндіктері сияқты негізгі аспектілер туралы айтты.

Цифрландыру креативті индустрия үшін жаңа мүмкіндіктер ашады

Әзірлеушілер кәсіпқойларды, контент өндірушілерді және тұтынушыларды біріктіретін Бірыңғай цифрлық платформаны құрудың тұжырымдамалық негізін әзірледі. Ол авторлық құқықты қорғау құралдарын, авторлар мен контент пайдаланушылар арасында табысты әділ бөлу тетіктерін қарастырады.

Сарапшылар зияткерлік меншікті басқару процестерін оңтайландыру және нарық қатысушылары арасында сенім деңгейін арттыру үшін блокчейн және жасанды интеллект сияқты инновациялық технологияларды енгізудің маңызын атап өтті. Цифрлық технологиялар және авторлық құқық саласындағы креативті индустрияға қатысушылардың білім деңгейі мен құзыреттерін арттыруға бағытталған білім беру бастамаларының бағдарламасын әзірлеу туралы шешім қабылданды.

Цифрландыру креативті индустрия үшін жаңа мүмкіндіктер ашады

Кездесу барысында цифрлық инфрақұрылым мен зияткерлік меншікті қорғау саласындағы тәжірибе және сәтті кейстер алмасу үшін халықаралық ұйымдармен және платформалармен белсенді өзара байланыс жасау қажеттігі атап өтілді.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері қазір цифрландыру креативті индустриялар үшін үлкен мүмкіндіктер ашатынын тілге тиек етті. Негізгі міндет – шығармашылық адамдар өз құқықтарын қорғап, жұмыс үшін лайықты сыйақы алып, жобаларды қауіпсіз және тиімді жүзеге асыра алатын жағдай жасау.

Айта кетейік, осы бағыт бойынша жұмыс жалғасады. Сонымен қатар жоспарланған жобалар мен бастамаларды іске асыру бойынша нақты қадамдарды қарастыру ұсынылады.

Өзгелердің жаңалығы