Трамп криптовалютадан 1,4 млрд доллар табыс тапқанын мәлімдеді

Қаржылық есепте Трамптың дәстүрлі бизнесі де жоғары табыс әкелгені айтылған.

 Oleg Nikishin/Getty Images Бүгiн 2026, 07:48
Бүгiн 2026, 07:48
104
Фото: Oleg Nikishin/Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамп өткен жылғы қаржылық декларациясында отбасының криптовалюта жобаларынан 1,4 миллиард доллардан астам табыс тапқанын мәлімдеді. Бұл туралы оның АҚШ Үкіметтік этика басқармасына тапсырған қаржылық есебіне сілтеме жасаған Reuters агенттігі хабарлады.

Құжатқа сәйкес, Трамп пен оның ұлдары негізін қалаған World Liberty Financial криптожобасы шамамен 800 миллион доллар табыс әкелген. Оның ішінде 520 миллион доллардан астамы криптотокендерді сатудан, ал 250 миллион доллардан астамы компаниядағы үлестерді өткізуден түскен.

Сонымен қатар, Трамп өзінің атымен шығарылған мем-криптовалютаны (meme coin) сатудан тағы 635 миллион доллар кіріс алғанын көрсеткен.

Reuters агенттігінің бағалауынша, Трамп отбасы 2025 жылы Ақ үйге қайта оралғаннан бері криптовалютаға қатысты жобалардан кемінде 2,3 миллиард доллар табыс тапқан.

Бұдан бөлек, декларацияда түрлі медиакомпаниялармен жасалған келісімдерден 80 миллион доллардан астам, сондай-ақ Трамп брендіне берілген лицензиялардан да қомақты кіріс түскені көрсетілген.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Анна Келли президент пен оның отбасы мүдделер қақтығысына жол бермейтінін айтып, Трамп әкімшілігінің барлық шешімдері АҚШ-тың экономикалық мүддесіне бағытталғанын мәлімдеді.

Қаржылық есепте Трамптың дәстүрлі бизнесі де жоғары табыс әкелгені айтылған. Атап айтқанда, оның гольф клубтары мен курорттарының кірісі 15 пайызға өсіп, 500 миллион доллардан асқан. Флоридадағы Mar-a-Lago клубының табысы бір жылда 50 миллион доллардан 77 миллион долларға дейін өскен.

Алайда бұрынғы АҚШ Үкіметтік этика басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дон Фокс президенттерге қатысты қолданыстағы этикалық талаптар мүдделер қақтығысының алдын алуға жеткіліксіз екенін айтып, заңнаманы қайта қарау қажет екенін мәлімдеді.

Наверх