АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға небәрі үш күн қалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Fox News-ке сілтеме жасап.
Америка басшысының айтуынша, теңіздегі блокада жалғасып, шикізатты экспорттау мүмкін болмай отырған жағдайда, Иранның мұнай жүйесі физикалық тұрғыда күйреудің алдында тұр. Ол үш күннен кейін бұл жүйе жай ғана жарылып кетуі мүмкін екенін ескертті.
Трамп келіссөздерде басымдық АҚШ жағында екенін де атап өтті.
Барлық артықшылық АҚШ-тың қолында, – деді ол.
Сонымен қатар Трамп АҚШ енді Иранмен келіссөз жүргізу үшін Пәкістанға делегация жібермейтінін айтты. Егер Тегеран келіссөзді жалғастырғысы келсе, оның өкілдері АҚШ-қа ұшып келуі немесе телефон арқылы байланысуы мүмкін екенін жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін Washington Hilton қонақүйінде, Ақ үй жанындағы тілшілер қауымдастығының кешкі асы өтіп жатқан кезде атыс болғанын жаздық. Іс-шараға Трамп та қатысқан. Қаруланған ер адам Құпия қызметтің бақылау-өткізу бекетінен өтпек болған. Соның салдарынан бір қызметкер жараланған.
Жалпы бес-сегіз рет оқ атылған. Трамп, оның жұбайы және шараға қатысқан өзге де адамдар шұғыл эвакуацияланды. Кейін баспасөзге арналған брифингте сөйлеген Трамп өзін атқан адамның негізгі нысанасы болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.