Трамп Иранның америкалық базаға жасаған шабуылынан кейін мәлімдеме жасады

8 Қаңтар 2020, 23:46
5943
Бөлісу:
Трамп Иранның америкалық базаға жасаған шабуылынан кейін мәлімдеме жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. АҚШ президенті Дональд Трамп  Ирактағы америкалық әскери базаға ирандықтардың жасаған шабуылынан кейін мәлімдеме жасады. Ол 9 минутқа созылған сөзінде шабуылдың келтірген шығынын, Тегеранға қарсы енгізілетін жаңа санкциялар туралы айтып берді. Халықаралық делдалдардан атом бойынша ирандық келісімнен шығуын талап етті.

Америка президентінің айтуынша, жасалған шабуылдан зардап шеккендер жоқ. Ол атап өткендей, америкалық әскери база айтарлықтай шығынға ұшырамады.

Иран райынан қайтқан сияқты, бұл бүкіл әлем үшін жақсы, - деді Трамп.

Трамптың айтуынша, алдын ала ескерту жүйесінің арқасында зардап шеккендер болмады. Ендігі кезекте Вашингтон Тегеранға қарсы жаңа санкциялар енгізетін болады.

Бұл санкциялар Иран өз әрекетін өзгертпейінше күшінде болады, - деп толықтырды АҚШ президенті.

Ол баса айтқандай, АҚШ Иранның соққысына қарсы жауап қайтару мүмкіндіктерін қарастыратын болады. Алайда бұл мақсатта Вашингтон әскери күшін пайдаланбайды. 

Американың әскери, я болмаса экономикалық қуаты ұстап тұрудың ең жақсы жолы, - деп атап өтті мемлекет басшысы.

Трамптың айтуынша, АҚШ-тың "үлкен және күшті зымырандары" жетерлік. Бұдан басқа, америкалық әскерилер дыбыстық қару жасақтауда.

Бізде осындай қуатты әскери қару бар деп оны пайдалана беруге міндетті емеспіз, - деп қадап айтты президент.

АҚШ басшысы Трамп Иранның атомдық келісіміне кепілдік берген елдерді шарттан шығып, жаңа келісім бойынша жұмыс істеуге шақырды. Президент Иран ядролық бағдарламасы бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын қателік санады. Оның айтуынша, бұл келісім Тегеранға "ядролық серпіліске нақты әрі жылдам жол" жасауға мүмкіндік береді.

Иран ядролық амбицияларынан бас тартып, терроризмді қолдауға тыйым салуы керек. Ұлыбритания, Германия, Франция, Ресей және Қытай бұл шындықты мойындауға уақыт келді, - деді президент.

Трамп Иранның ядролық қаруды пайдалануына жол бермеуге уәде берді.

Мен президент болып тұрғанда, Иранның ядролық қаруды қолдануына жол берілмейді, - деді АҚШ басшысы.

Сонымен қатар, президент Иран халқы мен басшылығына үндеу жасады.

Біз сіздерде керемет болашақ, гүлденген өмір және әлем елдерімен үйлесімділік болғанын қалаймыз. Америка Құрама Штаттары оны іздегендердің бәрімен татуласуға дайын, - деді Америка басшысы.

Ол НАТО-дан Таяу Шығыстағы процестерге белсенді қатысуды талап ететінін айтты.

Естеріңізге сала кетейік, 8 қаңтарды Ислам революциясының жасақ корпусы (ИРЖК) генерал Касем Сулейманидің өліміне кек қайтару ретінде АҚШ нысандарына шабуыл жасады

Иран АҚШ-тың әуе базаларына жасаған соққысынан кейін мәлімдеме жасады.

Иран операциясы "Сулейманиді азаптаушы" деп аталды. Иран АҚШ-қа көмектескен елге де шабуыл жасайтынын ескертті. Айта кетейік, 3 қаңтарға қараған түні Ирак астанасы Бағдаттағы халықаралық әуежай маңында бірнеше жарылыс болды.

АҚШ билігі жарылыс болған жердегі Иранмен байланысы бар екі нысанның соққысына қатысы бар екенін хабарлады. АҚШ қарулы күштері Ирактағы Иран генералының өлімінен кейін әскерін толық дайындап қойды. АҚШ соққысының салдарынан қайтыс болған ирандық генерал Касем Сулейманидің өлімінен кейін мұнай бағасы 2% қымбаттады.

Әлемдік БАҚ ирандық генерал Касим Сулейманиді жою туралы бұйрықты АҚШ президенті Дональд Трамптың өзі берді деген ақпарат таратты.

Иран жоғарғы көшбасшысының бас әскери кеңесшісі Хусейн Дехган CNN арнасына сұхбат бергенде генерал Касем Сулейманидің өлімі үшін кек алу үшін Иран америкалық әскери нысандарға шабуыл жасайтынын айтты. 

Ал, 5 қаңтарда Иран ядролық келісімнен бас тартты. Иранның мемлекеттік телеарнасы Дональд Трамптың басы үшін 80 миллион доллар сыйақы беретіні туралы хабарлады, деп жазады EN24.



Өзгелердің жаңалығы