АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі елде уақытша қорғаныс мәртебесімен тұрып жатқан 200 мыңға жуық украиндық босқынды депортациялауды жоспарлап отыр. Бұл туралы The Washington Post басылымы 20 мамырда ішкі құжат жобасына сілтеме жасай отырып жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ
Басылым мәліметінше, Вашингтон өз еркімен елден кетуге келіскен босқындарға 1 000 АҚШ доллары көлемінде қаржылай көмек ұсынуды көздеп отыр. Бұл шара шетелдік көмекке арналған 250 миллион доллар көлеміндегі қаражат есебінен қаржыланбақ.
Депортация тек украин азаматтарына ғана емес, сонымен қатар шамамен 700 мың гаитилік мигрантқа да қатысты болады деген болжам бар. Гаитиліктер АҚШ-та уақытша қорғаныс мәртебесін 2010 жылғы жойқын жер сілкінісінен кейін алған болатын. Осы уақыт ішінде мәртебе бірнеше рет ұзартылған, себебі елде тұрақсыздық пен қауіпсіздік мәселелері сақталып келді.
Украина азаматтарына уақытша қорғаныс мәртебесі алғаш рет 2022 жылы, Украинадағы қарулы қақтығыс басталғаннан кейін Байден әкімшілігі тарапынан берілген болатын.
Бұған дейін, 6 мамырда АҚШ әкімшілігі Украина үкіметіне үшінші елдерден АҚШ-тан депортацияланған азаматтарды қабылдау жөнінде өтініш жасағаны хабарланған. Мұндай бастама Дональд Трамптың көші-қонға қатысты қатаң саясатының бір бөлігі ретінде қарастырылып отыр. Трамп заңсыз көші-қонды шектеу арқылы ел ішіндегі қылмыс деңгейін төмендетуді көздейтінін бірнеше рет мәлімдеген.