«Tour of Almaty» велотуры биыл тамыз айына ауыстырылды

25 Шілде 2019, 12:50
1488
Бөлісу:
«Tour of Almaty» велотуры биыл тамыз айына ауыстырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.Бұл жолы жарыс ұйымдастырушылары қыркүйек пен қазан айларында өтіп жүрген жарыстың уақытын тамыз айына ауыстырды. Енді жарысқа қатысушылардың сапасы арта түседі деген сөз.

«Алматы Туры» бұрынғы бағыт-бағдарын ұстана отырып, екі күнге созылады. Дегенмен, кейбір бағыттары өзгеріп, турдың жарыс жолы кішігірім өзгеріске ұшырайды. Бұл жолы жарыстың біршама бөлігі асфальтты жерде өтсе, қалғаны таулы аймаққа қарай кетеді. Яғни «Медеуге» қарай созылатын жолмен велошабандоздар таулы аймақты бағындырып көреді.Ал енді жарыстың өту мерзіміне келсек, биыл ыңғайлы уақытты алып отырмыз. Себебі, бұл жарыс басталғалы бері күздің қара суығында өтіп келді. Кейіннен кыркүйекке ауыстырылды. Халықаралық велошабандоздар қауымдастығы (UCI) жарысты өткізуге қолайсыз уақытты беріп келді. Ол кезде көп жағдайда шабандоздардың барлығы әлем чемпионатына кетіп қалатын. Биыл енді тамыз айында өтетіндіктен додаға мықты шабандоздар келеді деп отырмыз», - деді Қазақстан велоспорт федерациясының вице-президенті Аманбек Кульчиков.

Сонымен қатар, оның айтуынша «Алматы турының» алғашқы күні қаланың негізгі даңғыл көшелерімен мен өзге көшелерінде өтеді. Сондықтан да қала тұрғындарына жарыстың өтуі аса қатты қиындық тудырмайды. Жарыстың алғашқы кезеңі «Индустриалды парктен» бастап «Алматы Арена» қасында мәресіне жетеді. 118 шақырымға созылатын жарыс өте тартысты өтуі тиіс. Себебі, жарыс қашықтығының аздығы оны динамикалық түрде өтетіндігіне септігін тигізеді.Ал екінші күні жарыс қайтадан әл-Фараби даңғылына оралады. Онда олар Шығыс айналма жолы арқылы 4,5 айналым жүреді де «Медеу» мұз айдынына қарай беттейді. Екінші жарыс күнінің ұзақтығы 160 шақырымды құрамақ.

UCI тәртібіне сейкес бұл жарысқа кәсіпқой, жартылай кәсіпқой, ұлттық құрамалар әрі конти командалар қатыса алады.  Еліміздің кәсіпқой командасы Astana Pro Team да бақ сынайды. 2019 жылғы сайысқа жалпы алғанда 21 команда қатысады деп күтілуде.

«Алматы Туры – 2019» жарысының негізгі көрсетілімін «Qazaqstan» телерадиокорпорациясы және оның құрамына кіретін «Qazsport» арнасы жасайды. Ал жарыстың екінші күнін 60 миллионға жуық көрермені бар «Еуроспорт» арнасы көрсететін болады.

Өзгелердің жаңалығы