Төтенше жағдай. Пойыздардың жүру кестесі түсіндірілді

6 Қаңтар 2022, 14:05
1166
Бөлісу:
Төтенше жағдай. Пойыздардың жүру кестесі түсіндірілді
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетов еліміздің аумағындағы пойыздар қозғалысына түсініктеме берді.

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Қазіргі кезде теміржол желілері штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Пойыздардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілген. Алайда жекелей диструктивті адамдардың құқыққа қайшы іс-қимылдарына байланысты жолаушы және жүк пойыздарын өткізуге қатысты проблема бар, - деді Қанат Әлмағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, 4 қаңтардан Мұқыр, Мақат, Құлсары, Өзен, Арал-Теңіз, Қазалы, Қазақстан, Сексеуіл, Бейнеу, Маңғыстау, Әйтеке би станцияларындағы теміржолда жолаушылар әрі жүк пойыздары қозғалысы уақытша тоқтатылды

Бүгін таңертең Мұқыр, Жем, Қазақстан, Өзен, Қазалы, Әйтеке би станцияларында пойыз қозғалысы жанданды. ҚТЖ жедел штабы Көлік комитетінің келісімімен 25 жолаушы пойызының қозғалысы тоқтатылып, 13 пойыз қосындарға қайтарылды. Сонымен қатар 10 жолаушы пойызы Қазалы, Сексеуіл, Қызылорда, Қандыағаш, Төретам, Жезқазған станциялары жолдарында тұрып қалды, - деді ол.

Қанат Әлмағамбетовтың сөзіне қарағанда, бұл құрамдардағы жолаушыларды қазіргі кезде межелі станцияларға жеткізу мүмкін болмай тұр. Құрамдар тораптық станцияларға уақытша орналастырылды.

Бұл пойыздардың жолаушылары су және тамақпен қамтамасыз етіліп жатыр. Пойыздарға қажетті көмір жеткізілді. Жергілікті жерлерде көмек көрсетіп жатқан әкімдіктер мен еріктілерге алғыс айтқым келеді, - деді ол

Өзгелердің жаңалығы