Ғалымдар сирек мутация арқылы аз ұйықтап та сергек жүретін адамдарды анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Independent-ке сілтеме жасап.
Ұйқы ұзақтығының генетикалық негізі табылып, жаңа ұйқы терапияларына жол ашылуы мүмкін.
Ғалымдар кей адамдардың күніне небәрі 4-6 сағат ұйықтап-ақ өздерін толық сергек сезінуіне мүмкіндік беретін сирек генетикалық мутацияны анықтады. Бұл жаңалық ұйқыны жақсартуға бағытталған дәрі-дәрмек жасаудың жаңа жолын ашуы мүмкін.
Дәрігерлер түнгі ұйқының ұзақтығы жеті-тоғыз сағат болуы тиіс екенін айтады. Себебі ұйқының тұрақты жетіспеуі Альцгеймер ауруы мен жүрек-қан тамырлары дерттері сияқты ауыр сырқаттардың ерте басталуымен байланысты. Алайда сирек мутациясы бар адамдар мұндай қауіп-қатер белгілерінсіз-ақ төрт сағаттық ұйқыдан кейін сергек жүреді.
Қытай Ғылым академиясының зерттеушілері ұйқының азаюын ми қызметіндегі төмен жиілікті дельта толқындары арқылы бақылап, бұл адамдардың ұзағырақ ұйықтағанда керісінше өзін жайсыз сезінетінін анықтады.
SIK3 гені мен N783Y мутациясы – ұйқы ұзақтығына әсер ететін басты факторлар.
Алдыңғы зерттеулер екі нейронның түйіскен жеріндегі фосфат молекулаларының алмасуы ұйқы мен ояу болу режимін реттейтінін көрсеткен болатын. Жаңа зерттеу барысында ғалымдар SIK3 (salt-induced kinase 3) деп аталатын гендегі N783Y мутациясы адамның ұйқы ұзақтығына айтарлықтай әсер ететінін анықтады.
N783Y мутациясы кезінде SIK3 ақуызының құрамындағы 783-орындағы аспарагин аминқышқылы тирозинге ауысады. Бұл өзгеріс ақуыздың құрылымын бұзып, фосфат молекулаларын басқа ақуыздарға тасымалдау қабілетін әлсіретеді.
Ғалымдар бұл мутацияны зерттеу үшін арнайы тышқандарға зерттеу жасаған. Зерттеуге алынған тышқандардың ұйқы ұзақтығы қалыпты тышқандармен салыстырғанда орта есеппен 30 минутқа қысқа болған. Сонымен қатар, мутация дельта толқындарының қуатын арттырып, терең ұйқыны күшейетінін көрсетті.
Мутация тышқандардың ағзасындағы ақуыз деңгейіне әсер етпей, тек оның белсенділігіне ғана ықпал еткен. Бұл ұйқы ұзақтығының өзгерісі ақуыз мөлшеріне емес, оның қалай жұмыс істейтініне байланысты екенін дәлелдейді.
Ғалымдар бұл зерттеу нәтижелері ұйқыны жақсартуға арналған жаңа дәрі-дәрмектер жасауға мүмкіндік береді деп санайды.
Бұл жаңалықтар ұйқының генетикалық негіздерін түсінуге жол ашып, ұйқының тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа терапиялық стратегияларға қосымша негіз болады, – дейді зерттеу авторлары.
Зерттеушілер алдағы уақытта ұйқыны реттеуге қатысы бар ферменттерді тереңірек зерттеуді жоспарлап отыр.