Төрт адамның ұяты таза - Арыстанбек Мұхамедиұлы өзіне тағылған айып туралы

16 Маусым 2023, 12:12
1645
Бөлісу:
Төрт адамның ұяты таза - Арыстанбек Мұхамедиұлы өзіне тағылған айып туралы
Фото: автордан

Мәдениет және спорт экс-министрі және Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы заң бұзбағанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сот отырысы аяқталған соң Мұхамедиұлы журналистерге пікірін айтты.

Мен сіздерге айтайын, ешқандай заң бұзушылық болған жоқ. Өздеріңіз көріп отырсыздар, бір жыл болды, бірде-бір адам мынадай заң бұзылды деп айтқан жоқ. Керісінше, біз «Алтын адамды» сақтап қалдық, оны уақытында алып келдік. Егер «Үндістанда жата берсін» деп қалдырғанымызда «Алтын адамды» нақты жоғалтар едік. Сол үшін төрт адамның ұяты таза. Ешқандай заң бұзушылық жоқ. Қазақстан жасасын!, - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Ол журналистің «Жаманқұловқа ренішіңіз бар ма?» деген сұрағына былай деп жауап берді.

Ешқандай ренішім жоқ. Тек бәрі аман-есен болсын. Әріптестеріме көп рахмет. Бейбігүл Төлегенқызы, Асанәлі Әшімов, бәрі қолдап жатыр, - деп айтты экс-министр.

Айта кетейік, 2022 жылы 29 мамырда Арыстанбек Мұхамедиұлы бюджет қаражатын жымқырды деген айыр тағылып қамауға алынды. Оның адвокаты Мұхамедиұлын үйқамаққа жіберуді өтінді. Ол экс-министрдің денсаулық жағдайы жақсы емес екенін, зейнет жасындағы адам екенін алға тартты.

Бұған дейін Мәдениет және спорт экс-министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Астана қаласының №2 Байқоңыр аудандық сотында соңғы сөзін айтты.

Өзгелердің жаңалығы