Тоқырап тұрған Никольск базары қашан жаңарады?

22 Мамыр 2023, 19:02
1897
Бөлісу:
Тоқырап тұрған Никольск базары қашан жаңарады?
Фото: автордан

2018 жылы сүрілуге шешім қабылданған Алматыдағы Никольск базары әлі күнге сүрілмей, жартылай жұмыс істеп тұр. 1914 жылдан бері қала халқына қызмет көрсеткен тарихи базардың қазіргі жағдайына саудагерлер мен қала тұрғындары алаңдаулы, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Базардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысуға барған кезде тұрғындар сауда орнының қазіргі жағдайына шағымданды.

Мен бала кезімнен осы базарда өстім. Анам әр аптада осы жерден балмұздақ, азық-түлік сатып алатын еді. Бүгінде 80-ді алқымдаған әже атандым. Қазір қаланың ортасында базар қалмады. Мынандай жүріспен шет жақтарға шыға алмаймыз.  Бұрынғы әкімдіктің шешімімен базар сүрілетінін естігенде жүрегіміз ауырды. Жаңарады деп үміттенген едік, мүлдем тоқырап қалды. Қазір қаланың дәл ортасында аяншты күйде тұр. Шаһардың тарихи орнына айналған орынды бұлай бұзғандары жарамады. Әкім "базар жаңарады" деп уәде берді. Бірақ қанша уақытта іске асыратыны белгісіз», – дейді алматылық зейнеткер Вера Николаевна.

Тоқырап тұрған Никольск базары қашан жаңарады?

Бұдан кейін базардың саудагерлерінен пікір алуға тырыстық. Дегенмен көбісі базар жайлы әңгімеден ат тонын ала қашты. Енді бірі жаңарту жұмыстары кесірінен «жұмыссыз қаламыз ба» деген қорқыныш барын айтып өтті.

Мен көп балалы анамын. Базардан күн көріп отырған жайымыз бар. Осыдан 5 жыл бұрын жаңартамыз деген еді. Жанымыздағы саудагерлердің кәсібі тоқтап қалды. Қасымызға екі қабатты сауда орталығы ашылды. Десе де халық, жабайы базарлардан сауда алып жатыр. Енді "тағы жаңартамыз" деп біздің де кәсібімізді тоқтатса не болмақ?», – дейді Айнұр есімді саудагер.

Алайда кей саудагерлер базар жаңарып, бұрынғыдай жұмыс істегенін қалайды. «Жұмыссыз қалмайсыз ба?» деген сұрағымызға көңілді екпінмен «іздеген жанға жұмыс деген табылады» деп жауап қайтарды олар.

Тоқырап тұрған Никольск базары қашан жаңарады?

Зейнеткер болғандықтан, үйде жатқанша осы жерге келіп, сауда жасауды жөн көремін. Дегенмен базар бұрынғыдай емес, бәсең. Адамдар «Осы жерде үлкен базар бар еді ғой, неге бұрынғыдай болмай қалған» деп өкінішін айтып жатады. Зейнеткерлеріміз аз болса да, сауда жасап қайтқысы келетінін айтып қалады. Шынымызды айтсақ, бұл жерде базар болғаны дұрыс және ол қалуы керек. Оның орнына басқа нысан салу деген ойды мүлдем құптамаймын. Тез арада жөнделіп, базар жаңарса деген ниетіміз бар, – дейді саудагер Айман апай.  

Өткен апта Алматы әкімнің халықпен кездесуі барысында Алмалы ауданының тұрғыны Никольск базарына байланысты ұсыныстарын айтқан болатын.

Менің аты-жөнім – Әсет Наурызбаев, қаланың қоғамдық кеңесінің мүшесімін. Біздің ауданда екі маңызды қалалық нысан бар. Өкінішке қарай, олар қазір қара дақ сынды қала көркін бұзып тұр. Аудан әкімі қолынан келгеннің бәрін жасады, оның ішінде Никольск базарының тарихи нысанын қалдырғаны үшін алғыс айтамын. Енді базардың иесімен күресу қалды. Менің ұсынысым бар: бұл нысанды иесіз деп тану қажет, өйткені ол көптеген жылдар бойы қаңырап бос жатыр. Немесе меншік иесімен сол жерді қалыпқа келтіріп, жаңа базар құру туралы келіссөздер жүргізу керек. Тұрғындарға тиімді бағада азық-түлік сатып, бірақ өздері де ақша тауып отырған базарлардың мысалдары әлемде көп қой, – деп сұрақ қойды аудан тұрғыны.

Тоқырап тұрған Никольск базары қашан жаңарады?

Сұраққа жауап берген қала әкімі базар қалаға қайтарылып, жаңару жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.

Мен сізбен келісемін, қалада көрнекті нысандар жетіспейді. Біз тарихымызды мақтан тұтамыз және өткеннен қалған нысандарды қайта жаңғыртуға тырысамыз. Никольск базары бойынша бүгінде оған иелік ететін адамдар бар. Тиісінше сот немесе қылмыстық іс қозғалып, оның қорытындысы бойынша бұл жермен не істеу керектігі туралы шешім қабылданады. Жақында «Барыс» базарына қатысты сот шешімдері шықты. Нысан қалаға берілді, енді біз шешім қабылдаймыз. Никольск базарымен де солай болады. Мен бұл жерді иесіз деп танып, бір жылдан кейін өзіме ала алмаймын. Өйткені қаладағы меншік құқығын ешкім жойған жоқ. Бірақ жақын уақытта осы бағыттағы өзге жұмыстар аяқталғаннан кейін Никольск базарына кірісеміз. Базардың тарихи бар, бірақ соңғы 15–20 жыл ішінде оның имиджі жақсы болмады. Сондықтан оны қалпына келтірудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Оның орнына бәріне ыңғайлы болатын заманауи сауда орындарын жасау керек, – деп жауап берді Ерболат Досаев.

Өзгелердің жаңалығы