Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев RES 2026 саммитінде су қауіпсіздігі мәселесіне тоқталып, Арал теңізі өңір үшін маңызды экологиялық сабақ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы су ресурстары Орталық Азияның болашағы үшін шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
Су қауіпсіздігі - Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін аса маңызды мәселе. Болашағымыз тіршілік нәрін қаншалықты ұтымды әрі әділ пайдалана алатынымызға байланысты, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Арал теңізі жағдайына ерекше тоқталды.
Арал теңізі салғырттықтың салдары қандай қасіретке әкеліп соғатынын еске салып тұрады. Сонымен қатар ол батыл әрі ғылыми негізделген шаралардың нәтижесінде қандай жетістіктерге қол жеткізуге болатынын көрсетеді, - деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, бүгінде Солтүстік Арал теңізінің шамамен 36%-ы қалпына келтірілген.
Судың сапасы жақсарып, балық қоры артты, маңайдағы елді мекендердің тұрмыс-тіршілігі жанданды, - деді Президент.
Сондай-ақ Тоқаев Халықаралық Аралды құтқару қоры аясындағы жұмысты атап өтті.
Бүгін біз осы ұйымның жоғары деңгейдегі отырысын өткіземіз. Жиын барысында Қазақстанның қорға үш жылдық төрағалығының қорытындысын шығарамыз, - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия үлесін 15%-дан асыратыны хабарланды.