Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев RES 2026 саммитінде елдің энергетика саласындағы негізгі мақсаттарын жариялап, жаңартылатын энергия үлесін арттыру және шығарындыларды азайту жоспарларын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы әділ әрі теңқұқылы энергетикалық модельге көшу негізгі басымдық екенін атап өтті.
Қазіргі уақытта Қазақстанда электр қуатының 7 пайыздан астамы жаңартылатын энергия көздерінен алынады. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 15 пайыздан асыруды жоспарлап отырмыз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстан мұнай-газ қоры мол ел болғанымен, тұрақты энергетика бағытынан бас тартпайды.
Әлемдік уран экспортының шамамен 40 пайызын қамтамасыз ететін Қазақстан көміртексіз электр энергетикасын дамытуды құптайды, - деді ол.
Сонымен қатар елде атом энергетикасын дамыту мәселесі қарастырылып жатыр.
Бүгінде алғашқы атом электр станциясының жобасын пысықтап жатырмыз. Сонымен қатар “таза көмір” технологиясы негізінде жылу электр станцияларын жаңғыртуды қолға алдық, - деді Мемлекет басшысы.
Президент ірі энергетикалық нысандардан шығатын зиянды заттарды азайту жоспарына да тоқталды.
Ірі энергетикалық нысандардан ауаға тарайтын зиянды шығарындыларды 35 пайызға азайтамыз, - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Президент экологияны ұлттық дамудың негізгі бағыты ретінде атады.