Тоқаев: Қазақстанның жалпы ішкі өнімі ел тарихында алғаш рет 300 миллиард доллардан асты

Оның жан басына шаққандағы үлесі 15 мың доллардан асып, 2019 жылдан бері бір жарым есе артты.

Бүгiн 2026, 13:34
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 13:34
Бүгiн 2026, 13:34
182
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің соңғы бірлескен отырысында Қазақстан экономикасын жаңа үлгіге көшіру жөнінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл – аса маңызды стратегиялық міндет. Оған жедел түрде қол жеткізу үшін жаңа көзқарас, жаңа ұстаным қажет. Бұрынғы жұмыс тәсілдері мен әдістері тиімді болмайтыны анық.

Бұған дейін де айттым: жаһандағы жағдай, жалпы халықаралық ахуал жыл өткен сайын ушығып барады. Түрлі қақтығыстар мен сын-қатерлер аз емес. Бірақ біз соған қарамастан, салиқалы саясат жүргізіп, нық сеніммен алға қадам басып келеміз. Біз бұл саясатты берік ұстануымыз қажет. Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Мұны әлем елдерінің даму қарқынымен салыстырғанда жоғары көрсеткіш деуге болады, - деді ол.

Жалпы ішкі өнім ел тарихында алғаш рет 300 миллиард доллардан асты. Оның жан басына шаққандағы үлесі 15 мың доллардан асып, 2019 жылдан бері бір жарым есе артты. Бұл – Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасындағы ең жоғары нәтиженің бірі.

Президенттің айтуынша, инфляция бағамы төмендеді: биылғы бес айдың қорытындысы бойынша оның деңгейі 10,4 пайызға дейін түсті. Бірақ бұл көрсеткішті әлі де төмендету керек.

Қазақстанның қаржы жүйесі тұрақты. Ұлттық валютамыз да өз тұғырында нық тұр, сыртқы қауіп-қатерлерден сенімді түрде қорғалған деп айтсақ, қате болмайды. Жалпы, Парламент Үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесіп, тиімді жұмыс атқарды. Қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе – Ұлттық банктің негізгі пайыздық ставкасы. Бұл мәселені пайымдап шешу керек. Бюджет және Салық кодекстеріне сәйкес еліміздің экономикалық жүйесі толығымен қайта жаңғырды және мемлекет қаржысын басқаруға қатысты ұстаным түбегейлі өзгерді. Осылайша, Қазақстан экономикасының жаңа келбетіне жол ашуға қажетті негіз қалыптасты, - деп айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тағы оқи отырыңыз: Ең мықты құрамның бірі – Тоқаев Парламенттің сегізінші шақырылымының депутаттарына зор алғыс білдірді 

Наверх