Ең мықты құрамның бірі – Тоқаев Парламенттің сегізінші шақырылымының депутаттарына зор алғыс білдірді

Тоқаевтың айтуынша, Парламент жаңа Конституцияға сәйкес заңнаманы қысқа мерзімде жаңартып, мемлекеттік биліктің жаңа моделін қалыптастыруға негіз қалады.

 Ақорда Бүгiн 2026, 13:18
Бүгiн 2026, 13:18
120
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттардың жаңа мемлекеттік билік жүйесін қалыптастырудағы еңбегіне жоғары баға берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президенттің айтуынша, осы шақырылымдағы Парламент жаңа Конституцияны әзірлеу мен елдің құқықтық жүйесін жаңғыртуға шешуші үлес қосты.

Бірінші. Мемлекеттік биліктің жаңа құрылымын қалыптастыру. Әлгінде айтып өткенімдей, осы шақырылымдағы Парламент депутаттары заң шығару ісінде сапалы жұмыс атқаруымен есте қалады. Депутаттар корпусы өз қызметінде бұрын-соңды болмаған нәтиже көрсетті. Сіздер Әділетті Қазақстанның негізін қалау үдерісіне, сондай-ақ Конституцияны әзірлеп, қабылдауға зор үлес қостыңыздар. Кез келген депутат саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің келесі буынына, балалары мен немерелеріне: «Мен 2026 жылы қабылданған Конституцияны дайындауға тікелей қатысқанмын» деп еш ұялмай айта алады, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент жалпы, депутаттық корпус парламенттік реформаны толық қолдағанына тоқталды.

Сол арқылы саяси және азаматтық жауапкершілік танытып, ұлт мүддесі бәрінен биік тұратынын бүкіл әлемге паш етті. Осында отырған біраз депутат Конституциялық комиссия құрамында болды. Сіздер азаматтармен кездесіп, мемлекетіміздің тұрпатын өзгертетін, экономикалық әлеуетін күшейтетін реформалардың мән-маңызын жұртшылыққа жан-жақты түсіндіріп бердіңіздер. Сіздер жалпыхалықтық референдумда Ата заңымыз қабылданған соң мемлекетіміздің құқықтық жүйесін жедел әрі сапалы жаңарту жұмысын жүргіздіңіздер. Өте қысқа мерзімде еліміздің заңнамасын жаңа Конституция нормаларына сай өзгерту жұмысын атқардыңыздар. Атап айтқанда, Парламент 9 заң топтамасын, соның ішінде 6 конституциялық заңды шұғыл әзірлеп, қабылдады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Наверх