Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кітап күнімен құттықтап, кітаптың рухани құндылық ретіндегі маңызын атап өтті. Алдағы екі аптада оқу мәдениетін дамытуға арналған арнайы Жарлыққа қол қойылмақ.
Баршаңызды Ұлттық кітап күнімен құттықтаймын! Қазіргі кезеңде баспа ісінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Соған қарамастан, кітап рухани және адами құндылықтардың қайнар көзі ретінде ешқашан мән-маңызын жоғалтпайды. Қазір қоғамның кітап оқу мәдениетіне, соның ішінде классикалық көркем шығармаларды немесе бүгінгі заманның өзекті мәселелеріне арналған жарияланымдарды оқуға біртіндеп қайта бет бұрып жатқаны байқалады, – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Instagram әлеуметтік желідегі парақшасында.
Тоқаевтың сөзінше, осы оң үрдіс жастар арасында да кеңінен таралып келеді.
Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектінің үстемдігі арта түскен уақытта оқу мәдениеті ұлт сапасының бірден-бір өлшемі ретінде халқымыздың бітім-болмысына тән айнымас қасиет болып қала беруге тиіс, - деп түйіндеді Президент.
Мемлекет басшысы алдағы екі апта ішінде оқу мәдениетін кеңінен насихаттау және оқуға құштар, зияткер ұлт қалыптастыру шаралары туралы арнаулы Жарлыққа қол қояды.
Айта кетейік, бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандықтарды Ұлттық кітап күнімен құттықтады. Министр халыққа үндеу тастап, кітап оқудың қоғам дамуындағы маңызды рөлін атап өтті.