Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр Республикасын Транскаспий дәлізі жобасына атсалысуға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мен кипрлық серіктестерімізді Транскаспий дәлізі жобасына атсалысуға шақырдым. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Кипр әлемдік деңгейдегі теңіз хабы саналады. Орта дәліз аясында Қазақстанның құрлықтағы және Кипрдың теңіздегі инфрақұрылымын тиімді ұштастыруға мүмкіндік зор. Бұл қадам Орталық Азия аймағы, Каспий аймағы және Жерорта теңізі арасында жаңа көпсалалы логистика жүйесін қалыптастыруға жол ашады. Сондай-ақ өзара алыс-берісімізді ұлғайтуға мүмкіндік береді, - деді Қазақстан Президенті Кипр президентімен келіссөздерден кейінгі БАҚ-қа мәлімдемесінде.
Сондай-ақ Президент Қазақстандағы кипрлық компанияларға тоқталды.
Қазір елімізде Кипр капиталының қатысуымен 400-ден астам компания жұмыс істеп жатыр. Олардың 30-ға жуығы Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген. Осының өзі елдеріміздің іскерлік және инвестициялық байланыстары дәйекті түрде дамып жатқанын көрсетеді, - деді Қасым-Жомарпт Тоқаев.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мен Кипр экономикалық жол картасын әзірлейтіні хабарланды.