Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр Республикасымен бірлесіп экономикалық ынтымақтастығының Жол картасын әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кипр Республикасы – Қазақстанның Еуропадағы сенімді әрі маңызды серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы саяси диалог жыл өткен сайын күшейе түсуде. Қадірлі Христодулидис мырза осыдан 7 жыл бұрын Кипрдің сыртқы істер мниистрі ретінде Астанаға арнайы келген болатын. Сол кезде ол Кипр Қазақстанның Еуропа Одағындағы мүддесін ілгерілетуге әрдайым дайын екенін айтқан еді. Содан бері көп жұмыс атқарылды. Екі мемлекеттің елшіліктері ашылды. Осылайша, өзара қарым-қатынасымыз жолға қойылды. Қадірлі президент мырзаның Астанаға тұңғыш сапары екі ел арасындағы алғашқы тікелей әуе рейсінің ашылуымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның да символдық мәні зор, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр президентімен келіссөздерден кейін БАҚ-қа жасаған мәлімдемесінде.
Айтуынша, екі ел мемлекеттеріміздің ықпалдастығын одан әрі бекемдей түсуге ниетті.
Бұл баршамыздың мүддемізге сай келеді. Кипр Республикасының басшысы осы оң іске зор үлес қосуда. Жаңа ғана президент Никос Христодулидиспен мазмұнды келіссөз жүргіздік. Ықпалдастығымызды күшейтудің жаңа бағыттары туралы әңгімелестік. Өзара сауда-саттық көлемін арттыруға ерекше назар аудардық. Тауар айналымын ұлғайту, инвестициялық қарым-қатынасты дамыту және іскер топтардың байланысын одан әрі нығайту қажет екенін атап өттік. Бұл – маңызды міндет, - деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы келіссөз барысында қандай бастамалар көтерілгеніне тоқталды.
Мен Қазақстан-Кипр экономикалық ынтымақтастығының Жол картасын әзірлеуді ұсындым. Сондай-ақ үкіметаралық комиссия және іскерлік кеңес құру жөніндегі бастамалар көтерілді. Бұл қадам бірлескен жобаларды іске асырып, өзара алыс-берісті арттыруға және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сонымен қтаор біз логистика, қаржы, цифрлық технологиялар саласындағы өзара байланыстарымыздың келешегі зор деп санаймыз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент екі ел үкіметіне аталған бағыттар бойынша шаралар қабылдау жөнінде тапсырма беруді уағдаласқандарын жеткізді.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр бизнесі Қазақстанға қызығушылық танытып отырғанын айтты.
AI, логистика, туризм: Қазақстан мен Кипр үшін басым салалар қандай екені хабарланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр президентіне І дәрежелі Достық орденін табыстады.