Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық Euronews платформасында авторлық мақаласын жариялап, онда Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытуда өз көзқарасын ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мақала Мемлекет басшысының Брюссельге сапары қарсаңында жарық көріп, әлемдегі саяси және экономикалық ахуал өзгеріп жатқан кезеңдегі Қазақстан мен Еуропа арасындағы серіктестіктің болашағына арналған бағдарламалық мәлімдеме болды. Президенттің айтуынша, Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанына он жыл толған уақытта Қазақстан мен ЕО өзара іс-қимылға жаңа тәсілдер мен ауқымды мақсаттар қажет болатын кезеңге келді.
Бұл сол кезде де, қазір де үлкен жетістік болып қала береді. Бірақ қарқынды өзгеріп жатқан әлемде бұл жеткілікті ме? Менің ойымша, жоқ. Мен Брюссельге ашық ниетпен және нық сеніммен оралып отырмын: Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы серіктестік бүгінде бұрынғыдан да маңызды. Сондықтан оны нығайту қажет, - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бүгінде Еуроодақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі болып қала беретінін еске салды. Елде экономиканы жаңғыртуға және жаңа өндірістерді дамытуға қатысып жатқан мыңдаған еуропалық компания жұмыс істейді.
Мақалада Тоқаев алдағы ынтымақтастықтың үш негізгі бағытын атап өтті: тұрақтылықты нығайту, өзара байланыстарды кеңейту және азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру.
Мемлекет басшысы бұрынғы геосаяси модельдердің қарқынды түрде өзгеріп жатқанын, ал сауда, технология және инвестиция мәселелері жаһандық бәсекенің бір бөлігіне айналып отырғанын айтты.
Бұрынғы геосаяси алғышарттар енді жұмыс істемейді. География мен күш қайтадан алдыңғы қатарға шықты. Қайта жанданған бәсеке сауда, технология және инвестициялық ағындардың бағытын жылдам өзгертіп жатыр. Жаһандық жеткізу тізбектері қайтадан осал бола түсті. Сауда-экономикалық өзара тәуелділік барған сайын ұлттық қауіпсіздік мүдделерінің ықпалына түсуде, - деді Президент.
Тоқаев Қазақстанның экономикалық әлеуетіне де ерекше тоқталды. Оның мәліметінше, 2025 жылы ел экономикасы 6,5%-ға өсіп, жалпы ішкі өнім көлемі 306 млрд долларға жеткен. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, келесі жылы бұл көрсеткіш 360 млрд доллардан асуы мүмкін.
Президент сондай-ақ Қазақстан мен Еуропа арасындағы өзара іс-қимылдың дәстүрлі моделін қайта қарауды ұсынды.
Экономикалық қарым-қатынастарымызды дәстүрлі «шикізат ресурстары инвестицияға айырбасталады» моделінен әр кезеңде құндылық қалыптастыратын серіктестікке – терең өңдеу, технологиялар трансфері, ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастық және бірлескен кәсіпорындар құру бағытына көшірудің уақыты келген жоқ па? – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Мақалада энергетика, ауыл шаруашылығы, логистика және өнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастық перспективаларына да ерекше назар аударылған. Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан бүгінде Еуропалық одаққа импортталатын мұнайдың шамамен 13%-ын және табиғи уран жеткізілімінің шамамен 16%-ын қамтамасыз етеді.
Президент соңғы он жылда жинақталған ынтымақтастық тәжірибесі Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы қатынастарды сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Соңғы онжылдық бізге серіктестікті табысты дамытуға қабілетті екенімізге сенім берді. Алдағы онжылдыққа көз жүгіртсек, біздің ынтымақтастығымыз нақты нәтижелер әкелуі тиіс деп есептеймін. Жақсы жаңалық – Еуропа мен Қазақстанда бұл серіктестікті нығайтуға қажетті құралдар мен ресурстардың басым бөлігі қазірдің өзінде бар. Қалғанын біз бірге жасаймыз, - деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салайық, бұған дейін Тоқаев Орта дәліздің жаңа рөлін атады.