Тоқаев: Ең маңызды міндет – шекаралардағы қауіпсіздікті нығайту

23 Маусым 2023, 15:02
710
Бөлісу:
Тоқаев: Ең маңызды міндет – шекаралардағы қауіпсіздікті нығайту
Фото: автордан

Алматыда Орталық Азия елдері мен Ресей Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының бірінші кездесуі өтіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысушыларға бейнеқұттықтау жолдады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев форумға қатысушыларға арнаған құттықтау бейнеүндеуінде қазіргі заманғы нақты жағдайда біздің өңір үшін ең маңызды міндет – тұрақтылықты сақтау және қауіпсіздікті нығайту екенін айтты. Бұл ретте қауіп-қатерді тиімді болжау, алдын алу шараларын жедел әзірлеу және сапалы жаңа интеграцияланған тәсілдер талап етіледі.

Қазіргі заманғы нақты жағдайда біздің өңір үшін ең маңызды міндет – тұрақтылықты сақтау және шекаралардың бүкіл периметрі бойынша қауіпсіздікті нығайту. Біз бұл мәселені 2022 жылдың қазан айында елордада Орталық Азия және Ресей форматындағы өткен Мемлекет басшыларының бірінші кездесуінде жан-жақты талқыладық. Қауіпсіздік біздің өзара іс-әрекетіміздің шешуші бағыттарының бірі ретінде анықталды. Бұл ретте қауіп-қатерді тиімді болжау, ерте кезеңде алдын алу шараларын жедел әзірлеу қаралады, - деді Президент.

Президенттің көмекшісі – ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов ынтымақтастықтың басым бағыттарын, оның ішінде Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға, көлік және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етуді ұсынды. Жалпы экожүйені, соның ішінде климаттың өзгеруі жағдайында сақтау қажеттігін ескере отырып, су қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Ғизат Нұрдәулетов пен Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушевтің төрағалығымен Қазақстан мен Ресей Қауіпсіздік кеңестерінің аппараттары арасында жоспарлы екіжақты консультациялар өтті. Оған тиісті ведомстволардың басшылары мен қызметкерлері де қатысты. Тараптар Орталық Азиядағы терроризм мен діни экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты талқылады. Қазіргі геосаяси жағдайға баға берді.

Өзгелердің жаңалығы