Тоқаев: Елге іріткі салғандар қатаң жазаланады

13 Наурыз 2023, 15:36
1423
Бөлісу:
Тоқаев: Елге іріткі салғандар қатаң жазаланады
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елге іріткі салып, қоғамдық тәртіпті бұзуға шақырған адамдар қатаң жазаланатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мемлекет басшысы Премьер-Министрдің, мемлекеттік органдар басшыларының, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің қатысуымен кеңес өткізді.

Президент халықтың тұрмыс сапасын арттыру Үкімет пен облыс әкімдерінің ең басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы азаматтарымыз елімізде оң өзгеріс болып жатқанын сезінуі қажеттігіне тоқталды. Ол үшін игі бастамалардың мән-маңызын халыққа ұдайы айтып отырған жөн.

Біз тұрақсыздыққа апаратын әрекеттерге жол бермейміз. Мұндай заңсыз әрекеттердің алдын алу қажет. Елге іріткі салып, қоғамдық тәртіпті бұзуға шақырған адамдар қатаң жазаланады. Арандатуға қарсы күрес заң аясында, жедел әрі жүйелі түрде жүргізілуі керек. Тиісті заңдарымыз бар, оларды қатаң сақтауымыз керек. Әйтпесе әрекетсіздіктің салдары еліміз үшін өте қауіпті болуы мүмкін. Мен бірнеше рет айтқанымдай, бізге, ең алдымен, заң үстемдігі аса қажет.  Заң сақталса және азаматтық жауапкершілік жоғары болса, қоғамда тәртіп болады. Тұрақтылық бар жерде ғана даму, өркендеу болады.  Ел бірлігі – реформаларды табысты жүзеге асырудың басты кепілі. Сондықтан ырысты ынтымақпен білек сыбана жұмыс істеуіміз қажет. Мемлекетті жан-жақты жаңғыртуға қатысты жұмыс болашақта жалғасын табады. Осы орайда мен бірқатар тың бастамаларды ойластырып жатырмын. Оны сайлаудан кейін жария етемін, – деп  Президент сөзін қорытындылады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдер мен мемлекеттік органдар басшыларына азаматтармен өзара байланысты күшейтуді, кездесулер мен жеке қабылдаулар өткізуді тапсырды.

Кеңес барысында Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев және Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов сөз сөйледі.

Өзгелердің жаңалығы