Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары журналистерге арналған «AI-QazMedia» атты қазақтілді жасанды интеллект моделін әзірлеп, іске қосты.
Платформаның дерекқорына 300 мыңға жуық бірегей мақала енгізілген. Олардың қатарында республикалық газет-журналдардың архивтеріндегі материалдар да бар.
«AI-QazMedia» көлемді мақалалардың мазмұнын қысқаша түйіндеп, негізгі тезистері мен қорытындыларын тізім түрінде ұсынады. Сондай-ақ мәтіннен пайдаланушыға қажетті ақпаратты бөліп алып, кесте түрінде рәсімдей алады.
Модельді әзірлеуге ҚазҰУ-дың бес ғалымы қатысқан. Университет доценті Әсел Оспанның айтуынша, команда платформаны жаңа мүмкіндіктермен толықтыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, сұхбатқа дайындалуға және аудиожазбаларды өңдеуге арналған функциялар қосылмақ.
Алдағы уақытта сөйлеуді тану функциясын қосуды жоспарлап отырмыз. Ол журналистерге сұхбатпен жұмыс істеуге көмектеседі, – деді Әсел Оспан.
Әзірлеушілердің айтуынша, жасанды интеллект көмекшісі сұхбатқа дейін журналистке сұрақтар дайындауға жәрдемдеседі. Ал әңгімелесуден кейін аудиожазбаны мәтінге айналдырып, сұрақтар мен жауаптарды дерекқорда сақтайды.
«AI-QazMedia» платформасына кез келген адам тіркеліп, оның мүмкіндіктерін пайдалана алады.