Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 нысандарын жаңғырту барысымен танысты. Сапар барысында құрылыс жұмыстарының мерзімі, қаланы энергиямен қамту сенімділігін арттыру және экологиялық жүктемені азайту мәселелеріне басымдық берілді.
Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Қазір жабдықтарды іске қосу-баптау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңғырту жобасын толық аяқтау 2026 жылдың соңына дейін жоспарланған.
Құрылыс алаңында 1,3 мың маман мен 83 техника жұмыс істеп жатыр.
Нұрлыбек Нәлібаевқа станцияны жаңа қуаттарды іске қосуға дайындау барысы баяндалды. Ұсынылған кестеге сәйкес, жабдықтарды толық қосу 25 желтоқсанға дейін қамтамасыз етілуі керек.
ЖЭО-3 қуаты 543,6 МВт болады
Алматыдағы ЖЭО-3-те заманауи бу-газ жабдықтарын орнату арқылы қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба іске асқаннан кейін станцияның электр қуаты 543,6 МВт-қа жетуі тиіс.
Нысанда мыңнан астам адам және 79 техника жұмылдырылған. Сапар кезінде энергия блоктарын салу, жабдықтарды жеткізу және жаңа қуаттарды электр желілеріне қосу мәселелері қаралды.
Сонымен қатар екінші энергия блогының құрылысын бастауға арналған аумақты дайындау кезінде бірқатар техникалық қиындық туындағаны айтылды. Атап айтқанда, топырақтың инженерлік-геологиялық жағдайына байланысты кедергілер бар. Бұған қоса, қолданыстағы қондырғыларды бөлшектеу қажеттілігі де жұмысты күрделендіріп отыр.
Бұл факторлар құрылыс алаңын дайындау қарқынына әсер етіп, екінші энергия блогы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарына жедел кірісуге мүмкіндік бермей отыр.
Осыған байланысты анықталған техникалық мәселелерді уақытында шешу, бөлшектеу және дайындық жұмыстарын үйлестіру, сондай-ақ қолданыстағы шектеулердің жобаға әсерін азайту шараларын қабылдау қажеттігіне назар аударылды.
Жұмыстар кестеден кешікпеуі керек
Нысандарды аралау қорытындысы бойынша Премьер-министрдің бірінші орынбасары белгіленген мерзімдерді сақтауды және жұмыс кестесінен кешікпеуді тапсырды.
«Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің бақылауында. Сондықтан жұмыс барысын қадағалап, оны соңына дейін жеткізу қажет. Бұл – Алматы тұрғындары үшін айрықша маңызы бар өте маңызды жоба», – деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.
ЖЭО-ларды жаңғырту нәтижесінде энергия өндіретін қуаттар жаңартылып, мегаполисті электр және жылу энергиясымен қамтамасыз ету сенімділігі артады.