Телефонды бір сәтке шетке қойып, сүйікті кофеңізге тапсырыс беріп, кітап оқуға ден қою. Астана тұрғындары мен қонақтарына ұсынылып отырған демалыстың жаңа форматы осындай. Қазірдің өзінде елордадағы бірқатар кофеханада қазақтың ақын-жазушыларының шығармалары қойылған кітап сөрелері ашылып жатыр.
Жобаның негізгі мақсаты – кітапты көпшілікке қолжетімді етіп, оқуды күнделікті өмірдің жағымды әдетіне айналдыру. Бастаманы «Кітап оқитын ұлт» ауқымды жобасы аясында елорданың Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының қалалық филиалы бірлесіп қолға алды.
Жобада мемлекеттік тілдегі әдебиетке басымдық берілген. Ұйымдастырушылар бұл бастама қала тұрғындарының, әсіресе жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын оятып, ақын-жазушылардың шығармаларымен жақынырақ танысуына жол ашады деп үміттенеді.
Бастамаға елорда тұрғындары да өз үлесін қоса алады. Үйіңізде оқып болған қазақ тіліндегі кітаптар болса, оларды өзге оқырмандармен бөлісіп, жобаға қатысатын кофеханаларға тапсыруыңызға болады. Осылайша, кітаптың жаңа оқырманын тауып, оның қайта оқылуына мүмкіндік бересіз.
Еске салайық, қазан айында 50-ге жуық кофеханаға 400-ге жуық кітап жеткізілген болатын. Алдағы уақытта қазақ тіліндегі тағы 1 500-ден астам кітап тарату жоспарланып отыр.
Олардың қатарында қазақ әдебиетінің таңдаулы туындылары мен жергілікті авторлардың шығармалары бар.
Қазір жобаға елордадағы 100-ден астам кофехана қосылды. Олардың қатарында Starbucks, Espresso Day, Master Coffee, Oneshott сияқты танымал желілермен бірге Global, Arena Coffee, Moko Coffee, Qiyal Coffee және басқа да кофеханалар бар. Кітап сөрелері қаланың әр ауданындағы, соның ішінде ірі сауда және ойын-сауық орталықтарындағы кофеханаларға орналастырылып жатыр. Алдағы уақытта жобаға қатысатын кофеханалар саны көбейіп, кітап оқу мүмкіндігі елорда тұрғындары мен қонақтарына барынша қолжетімді болады деп жоспарланып отыр.