Алматыда Президент Жолдауының міндеттері педагогтер мен медицина қызметкерлерімен талқыланды
Алматыда Президент Жолдауының міндеттері педагогтер мен медицина қызметкерлерімен талқыланды
Алматыдағы кездесулерде педагогтер мен медицина қызметкерлері еңбек жағдайын жақсарту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыру жөнінде ұсыныстарын жеткізді.
Алматыда педагогикалық және медициналық ұжымдармен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асыруға арналған кездесулер өтті. Қатысушылар мамандардың еңбек жағдайын жақсарту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы қызмет сапасын арттыру мәселелерін талқылады.
№26 жалпы білім беретін мектеп ұжымымен өткен кездесуде педагогтер мектеп инфрақұрылымын жаңғырту, әкімшілік жүктемені азайту және сынып жетекшілерін қосымша ынталандыру мәселелерін көтерді. Сондай-ақ коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша жеңілдіктер қарастыру, қоғамдық көлік жұмысын жақсарту және демалыс орындарының инфрақұрылымын дамыту жөнінде ұсыныстар айтылды.
Бұдан бөлек, заманауи педагог кадрларды даярлау, цифрлық сауаттылықты дамыту және жасанды интеллект технологияларын білім беру үдерісіне енгізу мәселелеріне назар аударылды.
Тағы бір кездесу Бостандық ауданындағы Қалалық балалар клиникалық инфекциялық ауруханасында өтті. Медициналық қызметкерлер балалардың денсаулығын қорғау, аурулардың алдын алу, ерте диагностикалау және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мәселелерін талқылады.
Жолдауда белгіленген басым бағыттардың қатарында ауруханалар, перзентханалар және балаларға арналған медициналық мекемелерді қоса алғанда, 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын салу көзделген. Сонымен қатар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмектің учаскелік қызметі мамандарының үздіксіз еңбек өтіліне қарай жалақысын 40%-ға дейін арттыру қарастырылған.
Кездесулер барысында әлеуметтік сала өкілдері өзекті мәселелерді көтеріп, еңбек жағдайларын одан әрі жетілдіру, инфрақұрылымды дамыту және білім беру мен медициналық қызметтердің сапасын арттыру бойынша ұсыныстарын білдірді.