Тоқаев: Елде кітапхана салуға көбірек көңіл бөлу керек

 Ақорда 27 Қараша 2026, 06:36
27 Қараша 2026, 06:36
142
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде кітапханалар санын көбейту қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы Мәскеуде өткен AI Journey 2026 конференциясында оқушылар мен студенттер алдында сөйлеген сөзінде кітап оқу мәдениетіне ерекше көңіл бөлу керектігін жеткізді.

Бір кездері бізде мешіт салу сәнге айналған еді. Ал менің ойымша, кітапхана салу керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, жақын уақытта Астана мен Алматы қалаларында тәулік бойы жұмыс істейтін Президенттік кітапханалар ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ ол «Оқитын ұлт» бастамасын еске салып, жастарды кітап оқуға баулуды қалайтынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, сыни ойлау қабілетін тек цифрлық құрылғыларды пайдалану арқылы дамыту мүмкін емес. Ол үшін кітап оқып, ақпаратты өз бетінше саралай білу қажет.

Мемлекет басшысы бұған мысал ретінде ChatGPT-ге қатысты тәжірибені де атап өтті. Оның сөзінше, жасанды интеллектіден Лев Толстойдың шамамен 600 беттен тұратын «Соғыс пен бейбітшілік» романын қысқаша мазмұндап беру сұралған. Нәтижесінде чат-бот шығарманы 25 бетке қысқартып, қалған бөлігін маңызды емес деп көрсеткен.

Бұл – қауіпті жеңілдету, – деп бағалады Президент.

Тоқаев жасанды интеллектінің дамуы дәстүрлі кітап оқуды және адамның өз бетінше ойлау қабілетін алмастырмауы керектігін атап өтті.

Наверх