Көктемнің шуақты күндерінде Астана тағы да маңызды саяси бастамалардың тоғысқан орталығына айналды. Мемлекет басшысы Ақорда төрінде елімізге мемлекеттік сапармен келген Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсүхті қарсы алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақорда құрмет қарауылы сап түзеп, жоғары мәртебелі меймандарды қарсы алды. Залда екі елдің әнұрандары шырқалып, рәсімге айрықша салтанат берді.
Тараптар ресми делегация мүшелерін таныстырды. Моңғол делегациясы құрамында Моңғолияның сыртқы істер министрі, Моңғолиядағы ықпалды әйел саясаткерлердің бірі Батмунхийн Батцэцэг те болды.
Осыдан кейін Моңғолия президенті Қазақстанның Мемлекеттік Туына құрмет көрсетті.
Кейін мемлекет басшылары келіссөздер залына бет алды.
Келіссөздер барысында Қазақстан мен Моңғолия арасындағы байланыстарды тереңдету мәселесі кеңінен қаралады. Саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық әріптестікті кеңейту және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту басты назарда болмақ.
Еске сала кетсек, 22-24 сәуір күндері елордада өңірлік экологиялық саммит өтеді. Бұл – БҰҰ аясында құрылған жаңа диалог алаңы.
Саммитте Орталық Азияның орнықты дамуы, климаттың өзгеруі және экологиялық қауіптерге қарсы бірлескен қадамдар талқыланбақ. Әлемнің әр түкпірінен келген көшбасшылар мен халықаралық ұйым өкілдері осы мәселелер төңірегінде ортақ шешім іздейді.
22 сәуір күні Халықаралық Аралды құтқару қоры аясында құрылтайшы мемлекеттер басшыларының кеңесі өтеді.
Кеңеске Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етеді.