TOP-5: Еліміздегі бірегей гидротехникалық құрылыстар

17 Мамыр 2024, 10:27
236
Бөлісу:
TOP-5: Еліміздегі бірегей гидротехникалық құрылыстар
PHOTO
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздегі бірегей гидротехникалық құрылыс саналатын 5 ірі су қоймасны жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

1. СЕРГЕЕВ СУ ҚОЙМАСЫ

TOP-5: Еліміздегі бірегей гидротехникалық құрылыстар

Солтүстік Қазақстандағы Сергеев су қоймасы еліміздегі бірегей гидротехникалық құрылыс саналады. Себебі, су қоймасы бір секундта 7300 текше метрге дейін су өткізе алады. Тағы бір артықшылығы - жиналған тасқын суы межеден асқан жағдайда бөгеттің жотасы арқылы автоматты түрде төменге жіберіледі. Айта кету керек, бөгет жотасының ұзындығы 268 метр. Ал, аралық кезеңде су қос турбина мен еркін су жіберу құбыры арқылы Есіл өзеніне түседі. 2024 жылғы су тасқыны кезеңінде Сергеев су қоймасына 8 млрд текше метрден астам су келіп, 7,8 млрд текше метр су жіберілді.

2. ҚАНЫШ СӘТПАЕВ АТЫНДАҒЫ КАНАЛ

TOP-5: Еліміздегі бірегей гидротехникалық құрылыстар

Әлемдік гидроқұрылыста теңдесі жоқ кереметтердің бірі – Қаныш Сәтпаев атындағы канал. Павлодар және Қарағанды облысы арқылы өтетін каналдың жалпы ұзындығы 458 шақырым. Ал басты ерекшелігі - гидротехникалық нысан Ертіс өзенінің суын 418 метр биіктікке көтереді. Орталық Қазақстанды сумен қамтамасыз ету үшін салынған канал жобасы Қазақстан Ғылым Академиясының тұңғыш президенті, академик Қаныш Сәтпаевқа тиесілі. Канал технология сапасы үшін Франкфурт, Женева, Париж және тағы да басқа халықаралық ғылыми көрмелерде сыйлықпен марапатталған.

3. БАРТОҒАЙ СУ ҚОЙМАСЫ

TOP-5: Еліміздегі бірегей гидротехникалық құрылыстар

Алматы облысындағы Бартоғай су қоймасы 60 метр биіктіктен және 60-100 метр қашықтыққа дейін су тастайтын ерекше құрылыс. Ол Қазақстандағы осы үлгідегі жалғыз су қоймасы. 1983 жылы пайдалануға берілген нысанның жалпы сыйымдылығы 320 млн текше метр, секундына 282 текше метр су жібереді. Су қоймасы Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарының 48 636 гектар егін алқабын суармалы сумен қамтамасыз етеді.

4. ҚЫЗЫЛҚҰМ МАГИСТРАЛЬДЫ КАНАЛЫ

TOP-5: Еліміздегі бірегей гидротехникалық құрылыстар

Күріш алқаптарын суаруға арналып салынған Қызылқұм магистралды каналы да ерекше гидротехникалық нысан. Ол секундына 200 текше метр су өткізе алатын еліміздегі ең үлкен канал саналады. Қызылқұм каналы Шардара су қоймасынан су алып, Арыс қаласы мен Отырар, Шардара аудандарында 74,7 мың гектар суармалы жерді тіршілік нәрімен қамтамасыз етеді. 1969 жылы салынған Қызылқұм магистральды каналының жалпы ұзындығы 106,1 шақырым, су өткізу мүмкіндігі - секундына 200 текше метр. Бүгінгі таңда шаруалар канал суын мақта, жоңышқа мен бау-бақша суаруға да пайдаланады.

5. ДОСАН-ҚАРАБАС СУ ҚОЙМАСЫ

TOP-5: Еліміздегі бірегей гидротехникалық құрылыстар

Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» мекемесіне тиесілі су шаруашылығы нысандарының ішінде ең бірінші салынғаны - Досан-Қарабас су қоймасы. Түркістан облыстық филиалына қарасты гидротехникалық құрылыс 1929 жылы пайдалануға берілген. 2019 жылы су қоймасына кешенді реконструкция жұмыстары жүргізілді. Досан-Қарабас су қоймасының негізгі мақсаты Бестоғай елдімекенінің 404 гектарға жуық суармалы жерін ағын сумен тұрақты қамтамасыз ету болып табылады. Жобалық көлемі 6,2 млн текше метр, бүгінгі күнге 5,35 млн текше метр немесе 86% су жиналды.

Өзгелердің жаңалығы