Тонауға жол берілмейді. Полиция су басқан өңірлердегі үйлерді бақылауда ұстап отыр

8 Сәуір 2024, 17:13
276
Бөлісу:
Тонауға жол берілмейді. Полиция су басқан өңірлердегі үйлерді бақылауда ұстап отыр
Фото: polisia.kz

ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова су тасқынына қарсы кезеңде қоғамдық тәртіп қалай бақыланып отырғанын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ішкі істер органдарының жеке құрамы күшейтілген режимде қызмет атқаруды жалғастырып жатыр. Жедел штабтар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Күн сайын 20 мыңнан астам қызметкер қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді, - деді полицей ОКҚ-дағы брифингте.

Оның айтуынша, полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері бірлескен авариялық-құтқару операцияларына қатысып жатыр. Авариялық-құтқару іс-шараларына 4 мыңнан астам қызметкер мен әскери қызметші, ведомстволық академиялардың курсанттары, сондай-ақ полиция ведомствосының 700-ге жуық техникасы жұмылдырылды. Бұл патрульдік автокөліктер, қызметтік автобустар, Камаздар, Оралдар, 2 тікұшақ және 2 ұшақ.

10 мың метрден астам арық тазартылды. Суды бөгеу үшін 144 мыңнан астам қап төселді. 12,6 мың адам эвакуацияланды. Оның ішінде 300-ге жуығы тікұшақпен шығарылған. Зардап шеккен елді мекендердің саны 50-ге дейін өсті. Қазір полицияның қорғауында 9 135 тұрғын үй және басқа да нысандар бар. Тонауға жол берілмейді, - деді Ақтоты Боранова.

ІІМ өкілі атап өткендей, азаматтардың қауіпсіздігі үшін 80 іріуақытша орналастыру пункті ұйымдастырылды.

Полиция жолдағы қауіпсіздікті де ерекше назарда ұстап отыр.

Республикалық маңызы бар жолдардың 14 учаскесінде жүруге шектеу енгізілген (Ақмола – 1, Ақтөбе – 1, Атырау – 2, Қостанай – 3, Маңғыстау – 1, Павлодар – 1, СҚО-5).

Су басқан аймақтардан полицияның арнайы ұйымдасқан колоннасымен 5 мың автокөлік шығарылды. Сондай-ақ стратегиялық объектілер, атап айтқанда, 70 ауыз сумен жабдықтау объектісі және 91 су шаруашылығы полицияның бақылауында.

Өзгелердің жаңалығы