Томографиядан қалай тегін өтуге болады?

18 Қараша 2021, 08:10
1804
Бөлісу:
Томографиядан қалай тегін өтуге болады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгінде МӘМС жүйесі арқылы көптеген медициналық қызметтерді алу қолжетімді.

Елімізде онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларының айтарлықтай жоғары көрсеткіштерін, сондай-ақ коронавирустық инфекциясымен ауырған науқастар көрсеткішін ескерсек, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография қызметтерінің азаматтардың диагностикалық тексеруден өтуі үшін қаншалықты сұранысқа ие екендігі белгілі. Биыл осы КТ/МРТ бойынша қызмет жеткізушілер саны 26%- ға және 21%-ға артты» деп хаюарлайды Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елордадағы филиалының баспасөз қызметі.

Қызмет жеткізушілер көбейсе, қолжетімділік артады

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізгенге дейін КТ және МРТ қызметтерін ұсыну тұрақты түрде қаржыландырылмайтын. Өз аймағының ауруханасында немесе емханасында кезекте тұрған азаматтар КТ немесе МРТ-дан өту мүмкіндігін кейде бірнеше айлар бойы күтетін.

Жағдай қалай өзгерді? 2020 жылы КТ бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызмет жеткізушілері 135 медициналық ұйым болса, биыл 190 медициналық ұйым бар. Өткен жылы МРТ қызметін жеткізушілер саны 95 болса, биылғы жылы 121 медициналық ұйым осы диагностика бойынша қызмет көрсетеді.  Бұл үрдіс алдағы жылдары да жалғасады, өйткені Қор оларды нарыққа жақындату және жеке қызмет жеткізушілерді тарту мақсатында  төлем тарифтерін көтеруді қолдайды. Қазір көптеген елді мекендерде КТ/МРТ жеке кабинеттері ашылуда, олардың кейбіреулері қызметтерге деген жоғары сұранысты ескере отырып, тәулік бойы жұмыс істейді.

Нұр-Сұлтан қаласында МӘМС жүйесінде КТ қызметтері бойынша 17 медициналық ұйым және МРТ бойынша 11 медициналық ұйым жұмыс жасайды. 

Айта кетейік, аймақтарда қажетті медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді, сондықтан аймақтардың медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталу мониторингін және қызмет жеткізушілердің қатысуы бойынша қажетті жұмыстарды жергілікті денсаулық сақтау басқармалары жүргізеді.

Қаржыландыру артқан сайын сұраныс та өседі

           Биылғы жылы КТ және МРТ қызметтерін көрсету бойынша жасалған шарттардың сомасы 2 есеге жуық өсті. Егер 2020 жылы бүкіл ел бойынша шарттардың сомасы шамамен 706 млн теңгені құраса, 2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 1,4 млрд теңгеге дерлік шарттар жасалды.

Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысына сүйенсек, КТ және МРТ-ға тиесілі,  яғни емдеуші дәрігердің жолдамасы бойынша жоспарлы түрде, медициналық сақтандыру бойынша 46,9 мыңға жуық қызмет көрсетілді.

Жалпы, ел бойынша көрсетілген қызметтер сомасы 2021 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында шамамен 907 млн теңгені құрады.

Салыстырмалы түрде, өткен жылдың осы кезеңінде КТ/МРТ бойынша жалпы құны 207,5 млн  теңге болатын барлығы 11,4 мың қызмет көрсетілді. Осылайша, көрсетілген қызметтер көлемі 4 еседен астам өсті.

МӘМС арқылы томографиядан қалай тегін өтуге болады?

Науқасқа кез-келген диагностикалық процедураны емдеуші дәрігер тағайындайды. Ол науқастың жағдайын, шағымдарын, аурудың белгілерін зерделейді. Тиісті көрсеткіштер болған жағдайда дәрігер КТ немесе МРТ түсуге жолдама береді. Бұл қызметті жоспарлы түрде алу үшін МӘМС жүйесінде пациенттің «сақтандырылған» мәртебесі болуы тиіс.

Егер КТ/МРТ қызметтерін алуға қатысты сұрақтарыңыз болса немесе сіз осы қызметтерге қол жеткізе алмасаңыз, онда өз емханаңыздағы Пациентті қолдау қызметіне хабарласуыңызға болады. Сондай-ақ, өз аймағыңызда томографиядан өту мүмкіндігі болмай, ұзақ күткен жағдайда, сіз өз аймағыңыздың Денсаулық сақтау басқармасынан жағдайды нақтылай аласыз. 

Өзгелердің жаңалығы