Токио Олимпиадасын ұйымдастыру комитетінің басшысы отставкаға кетті

12 Ақпан 2021, 22:15
1032
Бөлісу:
Токио Олимпиадасын ұйымдастыру комитетінің басшысы отставкаға кетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Токио Олимпиадасын ұйымдастыру комитетінің басшысы Ёсиро Мори гендерлік мәлімдемелеріне қатысты жанжалға байланысты жұмыстан кететінін мәлімдеді.

Бүгінгі күннен бастап отставкаға кетемін. Мен орынсыз мәлімдемелер жасап, қолайсыз жағдай тудырдым. Олимпиадаға дайындыққа кедергі болмауым керек еді, - деді ол «Токио-2020» ұйымдастыру комитеті Атқарушы кеңесінің отырысында.

Ёсиро Моридің орнын Жапониядағы Олимпиада істері бойынша министр Сэйко Хашимото басуы мүмкін. 83 жастағы Мори Жапониядағы Олимпиаданы ұйымдастыру комитетін 2014 жылдан бері басқарады.

Моридің отставкаға кететіні туралы 3 ақпан күні айтыла бастады. Ол 2020 жылғы Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитетінің отырысында спорт комитеттері мен федерацияларда әйел санының көбеюі жиналыстардың ұзаққа созылатынына әкеп соғатынын мәлім еткен еді.

Токио Олимпиадасы 2020 жылдың 24 шілдесі мен 9 тамызы аралығында өтуі керек болатын, бірақ коронавирус пандемиясына байланысты жарыс бір жылға шегерілді.

Енді ойындар 2021 жылдың 23 шілдесі мен 8 тамызы аралығына жоспарланып отыр. Бұл жарыстардың атауын «Токио-2020» деп қалдырды. Ал Паралимпиада ойындары 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында өтеді.

Өзгелердің жаңалығы