Токио-2020: Дзюдодан бас бапкер турнир кестесіне баға берді

22 Шілде 2021, 18:00
5116
Бөлісу:
Токио-2020: Дзюдодан бас бапкер турнир кестесіне баға берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін дзюдодан Токио Олимпиадасының жеребесі тартылды. Қазақстан командасының бас бапкері Ғалымжан Жылгелдиев турнир кестесіне шолу жасап, спортшылардың дайындығына тоқталды, деп хабарлайды Olympic.kz. 

Біздің дайындығымыз бес жылға созылды. Барлық әлем және Азия чемпионаттары, сондай-ақ халықаралық турнирлерде спортшыларымыз Олимпиада төрінен көру үшін тайталасты. Өйткені дзюдода Олимпиада ойындарына қатысу үшін рейтингілік ұпай жинау керек. Балуандарымыз жоғары орыннан көріну үшін бар күшін салды, - дейді бапкер. 

Оның сөзінше, Токио татамиінде Қазақстан атынан Елдос Сметов, Ерлан Серікжанов, Жансай Смағұлов, Дидар Хамза, Ислам Бозбаев және Отгонцэцэг Галбадрах сынға түседі.  

Кейбір салмақта жеребе ауыр түскенін мойындау керек. Дегенмен бұл Олимпиада ойындары, сондықтан, осал қарсылас болмайды. Ойынға әлемнің ең мықты спортшылары келді, бәрі де тарихта қалып, жүлде алуды мақсат еткен. Сметовтің тобы оңай емес. Жапония, Грузия балуандар бар, жеңіл болады деп айта алмаймын. Әр салмақта өте мықты спортшылар кездеседі. Біз бәріне қарсы дайындалдық, олармен талай белдескенбіз де, - деді ол. 

Ол Олимпиада төрт жылда, біздің жағдайымызда бес жылда бір өтетін жарыс екенін айтты. 

Сол себепті спортшылар психологиялық тұрғыда дайын болуы керек. Біздің балуандар дайын. Өйткені осы жарысқа қатысу үшін қаншама қиындықты артта қалдырды. Пандемия кезінде жаттығу жасаудың өзі оңайға соққан жоқ. Десе де, біз өзімізге қажетті рейтингілік ұпайларды еншіледік. Әлем чемпионы болсаң да, Олимпиада чемпионы болсаң да, жеңіске ең мықты спортшы жетеді. Кейбіреулер үшін бұл өз мансабындағы соңғы Олимпиада болуы мүмкін, - деді ол. 

Айтуынша, спорт мәңгілік емес. Сондықтан біздің олимпиадалық командамыздағы әр спортшы жақсы өнер көрсетсе екен деген тілегі бар. 

Пандемияға байланысты жарыстың өту ережесіне үлкен өзгерістер енді. Ұйымдастыру комитетінің ережелерін ұстану қажет. Егер спаррингке көмектесетін балуандарды алып келгенде, бізге әлдеқайда оңай болар ма еді. Бұл тығырықтан шығатын жолды да таптық. Мысалы Галбадрах пен Елдос бір-бірімен жаттығуда. Токиода спортшылардың жаттығуына бар жағдай жасалған. Жаттығу залына арнайы транспортпен алып барады. Олимпиадалық ауылда да жатығуды үзген жоқпыз. Дзюдошыларымыз дайын, қалғанын татами көрсетеді, - дейді бас бапкер. 

Дзюдодан Токио Олимпиадасындағы балуандар бәсекесі 24 шілдеде басталады. 

Өзгелердің жаңалығы