Әбілханның жеңілісіне жарақаты себеп болды – Нұрлан Ақүрпеков

1 Тамыз 2021, 16:12
3724
Бөлісу:
Әбілханның жеңілісіне жарақаты себеп болды – Нұрлан Ақүрпеков

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бокстан Қазақстан командасының мүшесі Әбілхан Аманқұлдың жеке бапкері Нұрлан Ақүрпеков бүгінгі жеңілістен соң шағын сұхбат беріп, жанкүйерлерден кешірім сұрады. 

Бұл туралы Olympic.kz хабарлады.

Ақталғым келмейді. Жанкүйерлерден басымды иіп кешірім сұраймын. Үмітті ақтамадық. Біз үшін қиын жағдай. Әбілханға бүгін психологиялық тұрғыдан қиын болды. Өйткені бұрыннан иығында жарақаты барын білесіздер. Бірнеше рет ота жасаттық. Соңғы отадан кейін бір жарым жыл бойы үзіліс алу керек еді. Бірақ біз Олимпиада уақыты жақындап қалған соң, айтарлықтай күтім жасамадық, - деді ол.

Оның айтуынша, Әбілханның бұрынғы жарақаты сыр берген. Кейін, Токио Олимпиадасында өзбек боксшысына қарсы жекпе-жекте соң оң қол жұдырығын жарақаттаған. Сол себепті иығы мен қолы кең көсілуге мүмкіндік бермеді.

«Қалай ұрамын, қалай жұмыс істеймін» деген сұрақтар санасын жаулап алды да, психологиялық жағынан ауыртпалық туындады. Жеңілістің себебі осы деп ойлаймын. Оның үстіне қарсылас та осал емес. Ол да өте сауатты қорғана білді, жақсы жекпе-жек өткізді. Енді Әбілхан біраз демалады. Ол кәсіби боксқа барса да, алдынан осы жарақат шығады. Сондықтан толық емделуі керек. Биылғы Қазақстан біріншілігіне де қатыспайды, - дейді бапкер. 

Айта кетейік, Әбілхан Аманқұл 75 келі салмақтағы ширек финалдық бәсекеде бразилиялық Эберт Консейсан Соузадан 2:3 есебімен ұтылды.

Өзгелердің жаңалығы