Тоқаевтың тапсырмасын саботаж жасап отыр. Депутат шенеуніктерді аямау керегін айтты

17 Ақпан 2021, 15:34
2235
Бөлісу:
Тоқаевтың тапсырмасын саботаж жасап отыр. Депутат шенеуніктерді аямау керегін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов зейнетақы жинағын емге жұмсау және қаржы компанияларына басқаруға беру ережелерінің әлі дайын еместігін айтып, дабыл қақты.

Бір ай бұрын мен азаматтардың зейнетақы шотынан бір жолғы төлемді тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсаудың тәртібін бекіту туралы сауал жолдаған болатынмын. Бұл ережелерді Үкімет қабылдады, қазақстандықтар өз жинақтарын ипотеканы жауып, баспана сатып алуға жұмсай бастады. Бірақ белгілі болғандай, ел Президентінің тапсырмалары мен заң нормаларының тек жартысы орындалды, - деді Аманжан Жамалов.

Ол азаматтардың зейнетақы жинағын емделуге алу ережелері әлі күнге дейін қолданысқа енбегенін айтты.

Денсаулық сақтау министрлігінде әлі күнге дейін азаматтардың зейнетақы жинағының бір бөлігін емделуге жұмсау тәртібі енгізілмеген.

Қазір бұл бұйрық әділет министрлігінде қаралып жатыр. Барлық процедура сақталған күннің өзінде, бұл зерттеулер тек наурызда күшіне енеді. Ал министрлік өкілдері бұған дейін талай рет уәде берген болатын. Менің бір байқағаным шенеуніктерге уәде беру оңай болып кеткен. Адамдар зейнетақы жинағын радиохирургиялық емдеуді, протонды терапияны, ЭКО-ұрықтандыруды, стоматологиялық қызметтерді, медициналық оңалтуды талап ететін салмақты ауруларды емдеуге жұмсай алады деп күткен болатынбыз. Министрлік азаматтар үшін бұл өмірлік маңызы бар мәселе екенін түсінбегені ме?, - деп ашуланды депутат.

Ол баспана мен емделуден бөлек зейнетақы жинағының бір бөлігі сенімгерлік ұйымдар мен компанияларға берілуі мүмкін екендігін, жекеменшік компаниялардың тізімін қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеуі тиістігін айтты.

Бұл реестрдің қайда екенін ешкім білмейді. Оны тек агенттіктің қызметкерлері ғана білетін сияқты. Осы жағдайдың барлығы онсыз да Президенттің тапсырмасының орындалуын бүлдіруге ұқсайды. Денсаулық сақтау министрлігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен азаматтардың зейнетақы жинақтарын пайдалануы туралы заң нормаларын іске асыру үшін барлық қажетті актіні жедел қабылдауын сұраймын. Сондай-ақ құжаттарды әзірлеуге және келісуге жауапты мемлекеттік қызметкерлер арасында қызметтік тергеу жүргізіп, тәртіптік жауапқа тартқан жөн, - деді Жамалов.

Өзгелердің жаңалығы